Блогерлер білім ошақтарындағы асхананы тексеріп жүр…

543

Облыстың мектептері мен балабақшаларында заңсыз, негізсіз тексерулер көбейіп кеткен. Тіпті белгісіз біреулер блогермін деп айқайлай келіп, тексерулер өткізеді екен. Осылай деп шағымданған білім орындарында асхананы жалға алушы кәсіпкерлер мәлімдеді.

Қоғамдық ұйымның атын жамылғандар мен депуттар, «НұрОтан» партиясының да толассыз тексерістері жұмысқа тежегіш дейді олар. ОҚО кәсіпкерлер палатасында кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс қимыл жөніндегі Кеңестің кезекті отырысында осы мәселе қозғалды. Сондай – ақ, қаржы институттары тарапынан туындайтын кедергілер туралы да кеңес жұмысына арқау болды.

«Біз жұмыс істей алмайтын халге жеттік. Еш ескертусіз, таңертең сау етіп тексеру үшін нұротандықтар, депутаттар, блогерсымақтар келіп тұрады. Қалалық білім бөлімінен рұқсатымыз бар деп соғады»- деп шырылдады кәсіпкерлер.

Бұл Шымкенттегі білім ошақтарының асханасын жалға алып, балаларды ыстық тамақпен қамтамасыз етіп отырған кәсіпкерлердің жанайқайы. Айтуларынша, наурыз айынан бері 8 рет ескертусіз, негізсіз тексеру жүргізілген. Мұны өңірлік кәсіпкерлер палатасындағылар да растап отыр. Асханадағы тазалықты тексеріп келгендердің өздері талапты сақтамайды дейді олар.

Сабира Адамбекова, ОҚО Кәсіпкерлер палатасының бөлім басшысы:  «Асханаларды тексереміз деп тамақ әзірленетін бөлмеге арнайы киімсіз кіріп келеді. Қазанда қайнап жатқан тамақтың бетін ашып қарай береді. Асхана шкафтары мен тоңазытқышты көшеден келген кейіптерімен еркін аралап тексеріп шығады. Мұның өзі санитарлық талаптарға сай емес».

Кәсіпкерлер мен палата бөлім басшысының сөзін құзырлы органдар да қуаттады. Заң шеңберінде қоғамдық тамақтану орындарын тексеру ережелеріне тоқталып өтті.

ОҚО Қоғамдық денсаулық қорғау департаментінің өкілі: «Тексеру үшін алдымен себебі анықталған болуы керек. Қоғамдық тамақтану орындарын тексеру жоспарлы және жоспардан тыс жүргізіледі. Арнайы акт түзілуі керек. Жоспарлы және жоспарсыз тексерулер құқықтық статистика басқармасында тіркелуі тиіс. Тіркелмеген тексеру заңсыз деп танылады. Арнайы киімі болуы қажет».

Сондай-ақ, бұл басқосуда кәсіпкерлерге қаржы институттары тарапынан туындайтын кедергілер де кеңінен талқыланды. Жер еміп, жеке ісін дөңгелетем дегендерге қаржы ұйымдары ауызжаласқан компанияларын ұсынып, кепілдік мүлікті сақтандыру мен бағалауды талап ететін көрінеді.

Кәсіпкердің алдынан кесе көлденең шығатын кедергілер көп-ақ. Оны жою да оңай шаруа емес, ең бастысы әрбір іскер азамат өзін қорғап, өзгенің өміріне бей-жай қарамауы шарт. Яғни, ащы шындық айтылғанымен, жазылған арыз-шағым болмады. Құр сөз, уәдемен тағы тарқасты.