ОҚО-да көктемгі егістіктен 86 мың тонна қырыққабат экспортталған

419

Бүгін Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев жұмыс сапарымен Сарыағаш ауданында болды. Елбасы міндеттеген тапсырмалар мен мемлекеттік бағдарламалардың ауданда жүзеге асырылу барысымен танысу мақсатында үш бірдей шаруа қожалық пен бір кәсіпорынның және тұрғын үй құрылысының жұмысымен танысты.

Онда әкім 2 гектар жерге қырыққабат еккен «Сүндет ата» шаруа қожалығына барды. Қожалықтың тыныс-тіршілігімен таныстырған иесі Әділбек Байболатов көкорамның фаравон сортын екі гектар аумаққа еккенін, ал өткен жылы аталған егістіктен 140 тонна өнім алғанын мәлім етті. Бүгінде 8 адамды жұмыспен қамтып отырған қожалық өнімдерін жергілікті нарықтан бөлек, Солтүстік аймақтар мен Алматы, Астана қалаларына жөнелтіп отыр.

Шаруашылықтың жұмысын аралап көрген аймақ басшысы бүгінгі күнге өңір диқандары 112 мың тонна қырыққабат жинағанын, оның ішінде 86 мың тонна болатын өнім сыртқы нарыққа шығарылғанын атап өтті.

«Қазіргі уақытта облыста осы ерте мерзімдік көкөністердің орнына басқа дақылдарды егу жұмыстары жүргізілуде. Көктемгі егістіктен жиналған өнімнің 105,7 мың тоннасы экспортқа шығарылған. Оның ішінде 64,7 мың тоннасы Сарыағаш ауданының еншісінде екен. Бұл әрине ерте көктемнен тынбай еңбек етіп отырған Сіздер секілді еңбекқор шаруалардың жемісі деп білеміз»,-деді Ж.Түймебаев.

Бұдан кейін облыс әкімі Жаскешу елді мекеніндегі жылыжай шаруашылығымен айналысатын «Роза» ЖШС-нің жұмысымен танысты. Серіктестіктің төрағасы Жақсылық Дүйсебаевтың айтуынша, 1 гектар аумаққа тамшылатып суғару әдісі арқылы қызанақ еккен. Озық технологияның арқасында өткен жылы 60 тонна өнім жинағанын айтады.
Жалпы облыста жылыжай көлемі 1325 гектарға жетіп, республикалық үлестің 80 пайызын құрап отыр. Аталған жылыжай көлемінің 663 гектары, яғни 50 пайызы Сарыағаш ауданына тиесілі.

Сапары барысында облыс әкімі Ақжар елді мекеніндегі «Агро Фуд Қазақстан» ЖШС-нің жұмысын аралап көрді. 2016 жылы жұмысын бастаған серіктестік 250 гектар аумақта интенсивті бау егумен айналысып келеді. Қазіргі таңда 130 адамды жұмыспен қамтып отырған жобада тамшылатып суғару әдісі қолданылады. Бүгінде шие, өрік, шабдалы, алма көшеттері егілген. Серіктестік иесі Акмал Аллаярұлының айтуынша, баудан алдағы уақытта 60 тонна алма өнімін алу жоспарланып отыр.

Мұндай көрсеткіш Оңтүстік өңірінде бұрын-соңды болмағанын айтқан өңір басшысы облыста қарқынды баудың санын көбейту арқылы өңірімізге келетін алма импортын азайтып, экспортты ұлғайтуға болатынын айтты.

«Баудан алдағы уақытта 60 тонна алма өнімін алу жоспарланып отыр екен. Облыстағы орташа көрсеткіш 15 тонна екенін ескерсек, мұндай өнім Оңтүстік өңірінде бұрын-соңды болмаған. Қазіргі таңда интенсивті бауда 22 гектарға шие, 13 гектарға өрік, 70 гектарға шабдалы, 92 гектарға алма көшеттері егілген. Бұл өңірдегі ірі жобалардың бірі. Сондықтанда осы серіктестіңтен тәжірибе алмасып, арнайы мамандармен жұмыс істеп, осындай бауларды көбейтуіміз керек» – деді ОҚО әкімі Ж.Түймебаев.

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі