Шымкентте екінші жаңа теміржол вокзалын салу жобасы талқыланды

740

Шымкент қаласында бекітілген дамудың Бас жоспарына сәйкес тәулігіне 20 мың жолаушы өткізетін жаңа айналма теміржол вокзалы салынады. Жоба тұжырымдамасы халықаралық бастамашыл топпен, жоба жетекшісі, экономика ғылымдарының докторы, профессор Алихан Бижанов пен техника ғылымдарының докторы, профессор, «Байланыс жолдарын дамыту ғылыми-зерттеу институты» ЖШС-нің директоры Алтайбек Оразбеков, ҚР сәулетшілер одағының ОҚО филиалының төрағасы Асқар Мамырбаев және «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы »АҚ өкілдерімен бірлесе әзірленді.

Заманауи үлгіде бой көтеретін қаладағы екінші теміржол желісінің техникалық құрылысының сипатын Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаевқа «Байланыс жолдарын дамыту ғылыми-зерттеу институты» ЖШС-нің директоры А.Оразбеков таныстырды.

Олардың айтуынша, бұл жоба зерттеу қорытындысы бойынша Президенттің «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауына сәйкес екен. Өйткені темір жол желісін салу кезінде көлік салудың және пайдаланудың озық «цифрлық» технологиялары енгізілсе, көлік процесінде инновациялық технологиялар, соның ішінде жоғары технологиялық цифрлық инфрақұрылымды енгізу көзделген.

Шымкент қаласының бас жоспарына сай «Батыс Еуропа -Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізінің бойында салынуы тиіс вокзалдың жобасы аясында «Шымкент-2» жаңа теміржол вокзалы мен жүкті сұрыптау станциясы және үлкен автовокзал салынады деп жоспарлануда. Сонымен бірге жалпы алаңы 16 гектарды құрайтын жобада қонақ үй мен әкімшілік ғимарат, 1000 автокөлікке арналған тұрақ қарастырылған.

Жоба жетекшісі Шымкент қаласының 2020 жылы болатын ТМД елдерінің мәдени астанасы жылына орай, жобаны іске асырып, пайдалануға беру мүмкіндігін айтты.
Өз кезінде облыс әкімі бұл жобаның әлеуметтік маңызы бар екенін және жолаушыларға қызмет көрсетуді жақсартуға және туристерді аймаққа тартуға мүмкіндік беретінін атап өтті. Осыған байланысты ол тиісті ведомство басшыларына жобаны жүзеге асыру үшін жұмыс тобын құруды тапсырды.

Қазіргі таңда жоба республикалық мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларын жоспарлау алгоритміне сәйкес Қазақстан Республикасының уәкілетті мемлекеттік органдарымен жұмыс үйлестіру сатысында тұр.

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі