Депутаттар салынып жатқан тұрғын үйлердің құрылысымен танысты

453

Облыстық мәслихаттың депутаттары Шымкентте салынып жатқан тұрғын үйлердің құрылысын көрді. «Шымкент сити» қалашығында 31 тұрғын үй бой көтеруде. Құрылысшылар «биыл жыл соңына дейін оның 14-ін пайдалануға береміз», деп отыр. Депутат мырзалардың арасында да құрылысшылар бар. Сондықтан болар, көбі жұмыстардың сапасы мен инфрақұрылымдардың дұрыс тартылуына басымдық беру қажеттігін ескертіп қайтты.

Мұндағы пәтерлер кезектегі жерлестерімізге жалға және несиеге беріледі. Сондай – ақ, бюджет қаржысына Әкімшілік іскерлік орталығында тағы 27 тұрғын үй тұрғызылып жатыр дейді сала мамандары. Жалпы Шымкент қаласында мемлекеттік бағдарлама аясында салынып жатқан үйлердің құрылысына 18,6 млрд. теңге қаражат қаралған. Депутаттар алдағы сессияда осы көпқабатты үйлер бойынша өз ұсыныстарын бермек. Сондай-ақ, осы күні олар жеке кәсіпкерлердің өз қаражатына салып жатқан үйлердің сапасын да көрді.

Халық қалаулылары пәтерлердің шаршы метрінің бағасы мен құрылыс сапасына назар аударды және ол қарапайым тұрғындар үшін қолжетімді болуы қажет деп кеңес берді. Әлеуметтік нысандарда басым бағыт инфрақұрылымға берілуі керек. Өз қаражатына үй салып жатқан жеке компаниялардың өкілдері пәтердің әр шаршы метрін 175 -200 мың теңгеден сатуды көздеп отырғанын айтты.

Жасыратыны жоқ, әр компанияның баспана жобасы әр басқа. Тиісінше, пәтерлердің шаршы метрлері де соған байланысты. Мәселен, көлемі 40 шаршы метрден 100 шаршы метрге дейін жетеді. Тағы бір маңызды тұс – баспанаға әлеуметтік нысандардың жақындығы мен автотұрақ жағы да қарастырылуы керек.

Нұрлан Күдерұлы