Ағын су мәселесі шешімін тапса…

814

Төле би ауданының су жаңа әкімі Бауыржан Омарбеков ауыл аймақтың тыныс тіршілігімен танысуды бастады. Алғашқы жұмыс сапарын Қоғалы және Тасарық ауылдық округтерінде болып, тұрғындармен кездесіп, мәселелерімен танысып қайтты.

Бірінші кезекте аудан әкімі Қоғалы ауылдық округінде болып, ауыл арасын аралады. Таулы ауылдың түтіні түзу ұшқанымен мәселелері де жоқ емес. Жол жөндеу, жұмыссыздық мәселесін ауыл тұрғындары жасырып қалмады. Одан бөлек Ұзынарық ауылындағы таудан бастауын алатын ағын су жылдан жылға азайып барады. Егін салғандар су тапшылығын тартуда. Жайылым жер де тарылып барады. Негізгі күнкөрісі егін және мал шаруашылығы болғандықтан ағын судың қаншалықты құнды екендігі белгілі. Бие байлап, қымыз бизнесін дөңгелетіп отырған ауылдықтар осы мәселе шешімін тапса дейді.

Түс қайта Б.Омарбеков Тасарық ауылдық округімен танысып, тұрғындармен жиналыс өткізді. Мұнда да аудан басшысы өзекті мәселелерді анықтап, ауылдықтармен бірге шешу жолдарын талқылады.

Іргелес орналасқан екі ауылдық округ тұрғындарының шешімін таппаған бірінші кезектегі мәселелері бір-бірімен мазмұндас болды. Екі ауылдық округтің тұрғындары ауылдағы ауыз су мен ағын су жайын аудан әкіміне баяндап, өтініштерін жеткізді. Аудан әкімі бұл ауылдық округтерде су мәселесін түбегейлі шешу үшін уақыт қажет екенін түсіндіріп, тиісті сала мамандарын тарта отырып, тұрғындарды бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаруға шақырды.