Мәжілісменді мектептердің жәйі алаңдатады

445

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Наталья Жұмаділдаева Түркістан облысына жұмыс сапарымен келді. Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі, мәжілісмен бүгін Қазақстан Халқы Ассамблеясы ғимаратында этно-мәдени бірлестіктердің төрағаларымен кездесті.

Парламент өкілі өңірімізде Елбасының Бес әлеуметтік бастамасы шеңберінде атқарылып жатқан жұмыстарды талқы таразысына салды. Бұдан бөлек, бүгінде Парламент қабырғасында зерделеніп жатқан бірқатар заң жобаларына тоқталып өтті. Бүгінгі күні заң қабылдау органындағы әрбір отырыс ашық түрде өтетінін, барлық депутаттардың арнайы с парақшалары бар екендігін, кез-келген азамат депутаттарға өз өтініштерін қалдыруға болатынын да тілге тиек етті.

Депутаттар мен халық арасындағы ашық алаңқайда қоғамда орын алып жатқан өзекті мәселелерді талқылауға болатындығын жеткізді. Қазіргі таңда депутаттарға азаматтардан 5 600 өтініш түсіпті. Астаналықтар мен алматылықтардың белсенді екендігін айтып өткен мәжілісмен неге екенін Түркістан облысының халқы бұл жағынан соңғы орында тұрғанын да жасырмады. Жыл басынан бері 446 түркістандық қана арыз жолдапты. Жолданған арыздардың басым бөлігі әлеуметтік салаға қатысты. Мәжіліс депутаты мектептердің мәселесін де назардан тыс қалдырған жоқ.

Наталья Жұмаділдаева, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты: “Түркістан облысында бала туу деңгейі жоғары. Сол себепті мектеп жетіспеушілігі туындап отыр. Өңірде мектеппен қамту мәселесі күн тәртібінен түскен емес. Сондықтан да жаңа мектептерді салу үшін мемлекеттік-жекешелік әріптестікті дамыту қажет. Білім ошақтарын қаржыландыру, әр балаға бөлінетін қаржы екі есеге көбейіп отыр. Бюджеттен бөлінген қаржыны игеріп, мектептердің материалдық-техникалық базасын нығайту қажет”.

Гүлжан Көшерова