Сайрам көшесінде жаяу жүргіншілер қауіпсіздігі ескерілмеген

486

Шымкент қаласындағы Сайрам көшесі орташа жөндеуден өткізіліп жатыр. Мұндағы жұмыстардың 80 пайызға ғана аяқталғанына қарамастан, жол пайдалануға берілді. Мердігерлер алдағы 1 айдың ішінде жөндеуді толық аяқтаймыз деп отыр.

Тұрғындар тақтайдай тегіс жол төселгеніне қуанышты әрине. Дегенмен, бұл маңайда көлік қозғалысы көп. Жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігі ескерілмегендіктен оқыс жағдайлар да жиі орын алады дейді олар.

Ерәділ Баизиев, тұрғын: «Жаяу жүргіншілерге арналған сызық болмасағ бағдаршам орнатпаса, бұл жер өте қауіпті. Балалар әрең өтеді. Қарттарға да қиын».

Наталья Тихонова, тұрғын: «Жаяу жүргіншілерге арналған жол салуды барлық жауаптыларға айтып шықтық. Ешкім құлақ аспады. Талай көршіміз осы жолан өтемін деп жан тапсырды».

Ұзындығы екі шақырымнан асатын жолдың орташа жөндеуі аяқталуға жақын. Асфальт жабындысы қырылып, Ресайклер технологиясымен асфальт төселді. Бұрын қыстыгүні бұл жолдан жүру қауіпті болатын.

Сайрам көшесіндегі автомобиль жолын жаңа технологиямен орташа жөндеуден өткізу үшін бюджеттен 218 млн. теңге қаражат қаралыпты. Ауыр жүк көліктерінің жиі жүруіне байланысты асфальт жабындысы жыл сайын бұзылатын. Қала басшылығы сапасы 10 жылға кепілдік беретіндей етіп жөндеуді жөн санап отыр. Жаңа технологиямен жасалып жатқан жұмыстың артықшылығы көп дейді мамандар.

Абай Тұрханов, бөлім басшысының орынбасары: «Асфальттің негізгі қабаты жаңа технологиямен құйылды, сапасын күшейттік. Жая жүргіншілерге арналған жолаққа келер болсақ, оны ішкі істер саласының өкілдері бекітіп берген жерлерге қоятын боламыз».

Мамыр айында басталған құрылыс жұмыстары әзірге 80 пайызға аяқталған. Жөндеу кезінде коммуникациялық жүйелерге байланысты кедергілер де туындаған. Соған қарамастан, жұмысшылар тамыз айына дейін нысанның орташа жөндеу жұмыстарын аяқтап, пайдалануға береміз деп сендірді.