Шалғайдағы «Триаж» жүйесі медициналық көмекті жеделдетеді

2050

Шалғай ауылдағыларға медициналық көмек жеделдетілді. Енді Шардара аудандық ауруханасында пациенттер «Триаж» жүйесі бойынша ем қабылдайтын болады. Жаңа жүйеге сәйкес, ауылдағы дәрігерлер науқасқа 60 секундтың ішінде алғашқы медициналық көмек көрсетуі тиіс.

Шардара аудандық ауруханасының жанынан «Триаж» жүйесіне арнайы бағытталған ғимарат салынып, заманауи техникалық жабдықтармен қамтылған. Жөндеу – жаңару жұмыстары аурухананың жеке қорынан және демеушілер есебінен қаржыландырылыпты. Нәтижесінде, ауруханада еңбек ететін дәрігерлер жедел медициналық көмек көрсетіп, көптің алғысына бөленетін күн туған.

«Триаж» жүйесін науқастың жағдайын анықтап, дер кезінде ем-дом қабылдауға жол ашты. Пациенттер сары, қызыл, жасыл аймақтар бойынша іріктеледі. Бұл триаж сөзінің Французша аудармасы да «іріктеу» дегенді білдіреді.


Жаңа жүйеге көшуге 5 млн. теңге қаржы жұмсалған. Аурухана бүгінде ауылдағы 80 мың халыққа қызмет көрсетеді. Әрі аймақта бұрын соңды болмаған жаңа жабдықтар әкелінген.

Түркістан облысы әкімі мен денсаулық сақтау басқармасы басшылығының қолдауымен ауданның медицина саласында маңызды  өзгерістер орын алуда. Атап айтар болсақ, биыл қалалық емханаға қосымша құрылыс есебінде бір ауысымда 150 келушіге арналған, жалпы құны 1 млрд. 600 млн. теңгені құрайтын ғимараттың құрылысы басталды. Ол 2019 жылдың соңында пайдалануға беріледі деп күтілуде.

Сонымен қатар аудан және ауыл орталықтарынан шалғайда орналасқан елді мекендерге қолжетімді медициналық көмек көрсету мақсатында жалпы құны 390 млн. теңгені құрайтын 13 модульдік медициналық тіректерінің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілуде. Небәрі екі айдың ішінде бой көтеретін заманауи талаптарға сай дайын медициналық бекеттер, неміс технологиясымен жасалған. Жаңа дәрігерлік бекеттер  әсіресе жырақта орналасқан ауыл халқының жылдар бойғы мәселесін шешіп берді.