Халық қалаулысы туған ауылында жол салып жатыр

1335

Ауыл түлеп келеді. Шалғай ауыл-аймақтың жолы жаңаланып, халықтың еңсесі тіктелуде. Қазығұрт ауданындағы Қарабастау, Қызыл бұлақ, Сарыүйсін ауылдарындағы жол жөнделіп, асфальт төселуде. Қазынаның қаржысынан бөлек, ауданның тумасы Жаңабай Ағабеков жомарттық танытып, өз қаражатына топырақ жолға тас төсеп, тозығы жеткен көпірді қайта салып жатыр.

Осылайша жерлестерінің ауыл аралық қатынасын қалпына келтіріп, ризашылықтарын алды. 4,5 мың халқы бар Жігерген ауылдық округіне Айнатас, Диқан, Тесік төбе, Қызыл бұлақ, Жігерген ауылдары кіреді. Елді мекендерге ауыз су, газ жүйесі тартылып, тұрмысы едәуір жақсарған. Шалғай ауылдардағы ағайынның жағдайы түзеліп, ауыл арасындағы жол ретке келтіріліп жатыр. Облыс бюджетінен бөлінген қаржыға Айнатас пен Жылыбұлақ ауылдары арасындағы жол, Тесік төбе Қызыл бұлақ арасындағы 3 шақырым жол тегістелді.

Қалижан Сүлейменов ауылдағы ағайын үшін қуанышты

Қалижан Сүлейменов,  Жігерген ауыл округі  әкімі аппаратының маманы: «Қызыл Бұлақ, Қара бастау, Жаңа базар ауылдары арасындағы жолды Қазығұрт ауданының тумасы, облыс мәслихатының депутаты Жаңабай Ағабеков демеушілік жасап жолды тартуда. Бұл жол Жеңіс ауылына дейін созылады».

Жігерген ауылдық округіндегі ауылдарда жол салынуда

Кеңес дәуірінен бері тас төселмеген Қызыл бұлақ ауылының тұрғындары ауыл жолының кеңейіп, тегістелгеніне қуанышты. Әсіресе, диқаншылықпен айналысатындары риза. Теп-тегіс көшемен астықты төкпей-шашпай жеткізетін болдық деп отыр.

Ермахан Мамыров ауылдағы жолдардың кеңейту жұмыстарына үлес қосуда

Ермахан Мамыров, «Қызыл бұлақ» кооперативнінің төрағасы: «Жаман жолда ирелеңдеп жүріп шығынға бататын едік. Енді, міне өздеріңіз байқағандай жолды 12-14 метрге ұлғайтып жатырмыз. Есесіне ауылымызға газ келді. Көпір реттелді».

Әбден жол азабын тартқан ағайын жол жөндеу жұмыстарына демеушілк жасаған жерлестеріне алғыстарын жеткізді. Тас төселіп жатқан аумақтағы жұмысшыларға ауыл тұрғындары асарлатып көмектесуде. Олар күн райы қарасып тұрғанда, сапалы етіп жөндеуді аяқтауды мақсат еткен.

 

Әшірәлі Ағабеков ағайындарымен ауылда жол салуда

Әшірәлі Ағабеков, Қазығұрт ауданының тұрғыны: «Осыдан 54 жыл бұрын барлығы көшіп кеткенде бір екі отбасы қалған еді.  Міне, елбасының ауылды түлетіңдер деген үндеуін қолдап игі бастаманы бастап кетттік. Ауыл көркейіп қолымыздан келгенінше ағайындардың басын қосып жол салудамыз».

Екі ауылды байланыстыратын көпір салынды

Көпір мен жол салу сауапты істердің қатарынан. Оның шапағатын сапарға шыққан жолаушылар, қарым қатынассыз қалып қойған шалғайдағы ағайын көріп, алғысын да айтар. Туған жеріне осындай тарту жасайтын жомарт жанды азаматтар көп болса, ауылдарымыз түлеп жаңаратыны сөзсіз.

Шынар Оразова