Кеткен-келгенді тіркейтін орталық

388

Енді елімізге жұмыс іздеп келген еңбек мигранттары және оларға жеке үй шаруалығында жұмыс ұсынып отырған жеке тұлғалар рұқсат қағазын алу үшін бұрынғыдай құжат реттеумен 5 күнін жоғалтпайды. Бар шаруасын бірнеше сағатта шешеді. Қалай дейсіз? Шымкентте алғаш рет көші-қон қызметін көрсету орталығы ашылды. Мұндай орталық республика бойынша тек Астана қаласында болатын.

Еңбек мигранттарына зор мүмкіндік
Орталықтың жұмысымен танысу мақсатында жаңа нысанға бет алдық. Діттеген орынға кірмей-ақ ғимараттың алдындағы қарбаласты көзіміз шалды.

Ары-бері шапқылап, өзге тілде сайрап жүргендердің барлығы – шетел азаматтары. Оларға өз үйін тастап, өзге елге келуге не түрткі болды? Жалпы, қандай мақсатпен жүр? Ойыма бірден осы сұрақтар келіп, жауап алуға асықтым. Әуестігімнің нәтижесінде, құжаттарын қолтығына қыстырып алған Исломбекпен танысып қалдық…


Исломбек Нишанов – Өзбекстан Республикасының азаматы. Жыл сайын жазда Шымкентке келіп, жеке тұлғалардың үй шаруашылығында, үй жөндеу жұмыстарында еңбек етеді. Биыл да сол үрдісті жалғастырмақ болып, келген беті екен.
Ол біраз өзгерсітердің куәсі болғанын айтады. Айтуынша, бұрын еңбек мигранттары құжаттарын заңдастыру үшін талай табалдырықты тоздырып, бірнеше күнін жоғалтуға мәжбүр болған. Ал жаңадан ашылған көші-қон қызметтер орталығы қызметіне алғаш рет жүгінген Исломбектің қуанышында шек жоқ.


– Өйткені барлық процедураны бір күннің ішінде, әрі бір орталықтан шықпай-ақ орындап тастауға болады,- дейді ол.

Исломбек НИШАНОВ, еңбек мигранты:
– Бұрын миграциялық полицияға барып, ең алдымен уақытша тіркелетін едік. Одан кейін,сіздің елде еңбек етуге рұқсат қағазын алу үшін, поликлиникаға барып, медициналық тексеруден өту, дактилоскопия арқылы саусақ іздерін тапсыру, салық төлеу, сақтандыру, ЖСН аштыру секілді көптеген шаруаны тындыруымыз керек еді. Сол қызметтің барлығы түрлі мекемеде жүзеге асырылады. Әрі кезекке тұрып, тағы уақыт жоғалтатынбыз. Басқа мемлекетке келіп тұрған біз үшін бірнеше күн ары-бері сандалу – әрі шығын, әрі қиын. Бұл келгенімде осы орталыққа жіберді. Барлық процедураны бір жерде өттім. 1 тәуліктің ішінде барлық жұмысымды бітірдім. Талап етілетін құжат саны да әжептәуір азайған.

2014-2017 жылдар аралығында облыста ТМД елдерінен келген 178 253 шетелдік заңдастырылған.

Олардан алдын ала жеке кіріс салығы бойынша бюджетке 971 066 434 теңге түскен. Биылдың 5 айында 32 300 шетелдік заңдастырылып,

бюджетке 216 198 722 теңге ақша түскен.

5 еңбек мигрантын жұмысқа тарта алады
Орталықтың қай мақсатта ашылғаны және қандай қызмет түрлерін ұсына алатыны да қызықтырды. Осы кезде бізге көші-қон қызметі басқармасының аға инспекторы , полиция майоры Жәнібек Мырзалиев қол ұшын берді. Ол көші-қон қызметтері орталығының кіре берісінен жүзеге асырылатын барлық жұмыс түріне тоқталып, түсіндірді. Жәнібек Мырзалиевтің айтуынша, орталық халықтың сұранысы бойынша қажеттілік туындаған соң ашылып отыр.

Жәнібек Мырзалиев, көші қон қызметі басқармасының аға инспекторы , полиция майоры:
– Түркістан облысына келетін шетелдік мигранттардың ағымы үлкен. Әрі күн санап қатары артып келеді. Бұл тұрғыда оларға көрсетілетін қызмет күшінің екі еселенетіні рас. Сондықтан, халыққа қолайлы жағдай жасау, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру, азаматтардың тарапынан жұмсалатын уақытты үнемдеу (3-5 күннен 1 күнге дейін) және сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу мақсатында осы орталық ашылды. Сондай-ақ бұған дейін көптеген мигранттар еңбекке рұқсат алу рәсімі кезінде кедергілерден қашып, заңбұзушылыққа жол беріп, еңбекке заңсыз жалданып келгендері жасырын емес. Енді олар үшін бұл рәсімдер мейлінше жеңілдетіліп отыр. Осы тұрғыда еңбек мигранттарына бар жағдайдың жасалуы – жұмыс істеуге заң жүзінде рұқсат алатындардың санын арттырып, заңсыз еңбек мигранттарын азайтуға мүмкіндік береді.

Анық болғандай, орталықта Шымкент қаласы тұрғындарына уақытша тіркеуге келген шетелдіктерді есепке алу және жеке тұлғалардың үй шаруашылығында жұмыс істеуге келген еңбек имигранттарына рұқсат рәсімдеу жұмыстары жүргізіледі. Яғни, тек шет елдік еңбек мигранттары ғана емес, оларға үй шаруашылығында жұмыс беретін Қазақстан елінің азаматтары да мигранттарға рұқсат қағазын алу үшін орталық қызметін пайдаланады.
Жәнібек Мырзалиевтің сөзінше, жеке тұлғаға шет елден 5 адамға дейін, өз үйіне тіркеуге алып жұмыс істетуге рұқсат. Шетелдіктер берілетін рұқсат қағазбен жеке тұлғаның қолында, яғни оның үйін ішкі жөндеу, бағбан, аспаз, бала күтуші болып қана жұмыс істей алады. Ал коммерциялық мақсатта жұмыс істеуге рұқсат жоқ. Мұндай ереже бұзушылық үшін босқынмен қатар жұмыс беруші де жауапкершілікке тартылатынын ескертті.

Шетелдіктермен жұмыс істеу оңай емес
Орталықты аралап шықтық. Көріп білгеніміз, орталықта бүгінде 7 миграция қызметкері, 1 криминалист, 25 «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорация-сы ҚЕАҚ облыс бойынша филиалының қызметкерлері, бұдан бөлек, банк, қауіпсіздік қызметкерлері және медицина мамандары бар.
Еңбек мигранттары жеке тұлғаларға 19 қызмет көрсету терезесінде , атап айтқанда:
№1 терезеде «Қазпошта» АҚ қызметкерлері;
№2 – сақтандыру компаниясының өкілдері;
№3-11 терезеге дейін «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы ҚЕАҚ облыс бойынша филиалының қызметкерлері құжат қабылдайды;
№12- дактилоскопия кабинеті;
№13- медициналық кабинет;
№14-17 терезелер cалық мамандары (ЖСН беру);
№18-19 дайын болған құжаттарды беру қызметтерін көрсетеді екен.
Бұдан бөлек, Қаратау, Еңбекші, Әл-Фараби, Абай аудандарының полиция қызметкерлері отырған бір операциялық зал бар.
Жұмыс ретін азаматтармен тікелей жұмыс істейтін Халыққа қызмет көрсету орталығының қызметкерлерінен артық кім білсін? 2009 жылдан бері осы салада еңбектеніп жүрген Назым Төлегенова орталықтың жұмыс процессіне тоқталды.

Назым Төлегенова, көші-қон қызметтері орталығының маманы:
– Бұған дейін шет ел азаматтарымен жұмыс істеп көрген жоқ едім. Орталық ашылғаннан кейін әріптестерімнің біразы Астанаға барып тәжірибе жинап келді, сол арқылы біз де біраз нәрсені үйрендік. Тәжірибеме сүйеніп айтайын, өз азаматтарымыздан гөрі шетелдіктермен жұмыс істеген жеңіл екен. Біздікілер кезекке таласады, барлығы 1 минуттың ішінде дайын болғанын қалайды. Ал бұл орталыққа келетін еңбек мигранттары өзге елде жүргендігін сезініп, тәртіпке бағынады. Айтқаныңды бұлжытпай орындайды, десе де олармен де жұмыс істеу оңай емес.

МЕКЕНЖАЙЫ:

«НҰРСӘТ» ш/а, С.Бәйтереков көш, 89 үй.

ТЕЛ: 21-09-00

Жұмыс кестесі: 9:00-18:30 дейін

(түскі үзіліссіз)

Қажет құжаттар тізімі
Еңбек мигрнаттары, алдымен көші-қон полициясында уақытшы тіркелу керек. Бұл қызмет орталықтың жұмысына кірмейді. Тек содан кейінгі процедуралар, яғни Қазақстанда жүру мерзімін ұзарту, еңбек етуге рұқсат қағазын беруді ғана жүзеге асырады. Назымның сөзінше, жұмыс келесідей жүзеге асады.
– Ең алдымен, еңбек мигранттары орталыққа қабылдаушы тұлғамен келіп, тіркеу орнынан (ресепшн) нұсқаулық алады. Содан кейін электронды кезекке тұрып, ЖСН нөмірін жасатады. Кейін бұл мағлұматтардың полиция қызметкерлерінің базасына түскенін бір сағаттай күтіп, дактилос-копия кабинетіне жіберіледі. Онда криминалист фототүсірілім жасап, саусақ таңбаларын алады, сонымен қатар, бойы, салмағы өлшенеді. Медицина кабинетінде медициналық тексеруден өтеді, онда окулист, невропотолог, терапевт қабылдауында болады. Сосын барып, салық төлейді. Салықтың көлемі 1 айға – 2 АЕК, яғни 4810 тг, 2 ай – 9620, 3 айға – 14430 тг төлейді. Еңбек мигранттары Қазақстанда болу мерзімін бір жыл көлемінде бір, екі, үш айға немесе бірден 3 айға ұзарта алады.
Тағы бір ескеретін жайт, жұмыс беруші жеке тұлға еңбек мигранттарын өз үйіне тіркейтін болғандықтан міндетті түрде еңбек мигрантымен бірге келу керек. Екеуінің арасында еңбек шарты түзіледі. Жеке тұлға жеке куәлігін және еңбек мигранттарына үй жағдайында жұмыс істуге рұсат беру үшін өтініш тапсырады. Ал еңбек мигрантында өзімен бірге төлқұжат, миграциялық карточка, уақытша тіркелгені жайлы анықтамасы болу керек.Барлық құжаттар дайын болған кезде орталық қызметкерлері еңбек мигрантының тіркелген мекенжайына байланысты 4 аудандық полиция қызметкерлеріне өткізеді. Рұқсат қағаздары 1 тәулікте дайын болады,-дейді Назым Төлегенова.
Көші-қон полициясы қызметкерлері бұдан былай жаңадан ашылған орталықтак бұрынғыдай ұзын-сонар кезек болмайтынын айтады. Себебі, барлық қызмет электронды кезекпен көрсетіледі. Бұған қоса бұл ғимараттың арнайы кезек күтуге арналған кең залы және үлкен орынды алып жатқан автотұрағы тағы бар. Айтуларынша, ашылғанына бір ай да болмаған орталықтың қызметіне күніне 700 адам жүгінеді екен. Ал осыған дейін, 8000 адам келіп, қызмет түрін пайдаланған. Келуші еңбек мигранттарының 80 пайызы Өзбекстан Республикасының азаматтары болып отыр.

Әлия Әділбек

«Оңтүстік Рабат» газеті

№28, 11 ШІЛДЕ 2018 ж