Түркістан облысы әкімінің Құрбан айт мерекесімен құттықтауы

1080
Фото ontustik.gov.kz

Күллі мұсылман қауымы үшін ең ұлық Құрбан айт мерекесі құтты болсын! Біздің елімізде Құрбан айт Елбасы Жарлығымен ресми мейрамдардың қатарына енгізілген. Бұл – дәстүрлі дінімізге, Исламға көрсетілген үлкен құрмет. Бұл қасиетті мереке мұсылмандар арасында мейірімділікті, игілікті, бірлікті, ізеттілікті, қайырымдылықты, достық пен шаттықты арттырумен ерекшеленеді.

Құрбан айт мерекесі – қазақ халқының салт-дәстүрімен біте қайнасып кеткен мейрамдардың бірі. Себебі, дана халқымыз ықылым замандардан бері отбасы мен ағайын-туысты, жақындарды құрметтеп, бауырмашылдықты ту еткен. Үлкенге құрмет көрсетіп, кішіге ізет таныта білген. Соғыс және репрессия жылдарында елімізге көшірілген түрлі этнос өкілдерін бауырына басып, қайырымдылық жасаған. Яғни, ізгілік нұрын себу, мұқтажға көмектесу ежелден-ақ қанымызға сіңген абзал қасиеттер. Сондықтан исі мұсылманның Құрбан айт мерекесі мемлекетімізде үлкен құрметке ие әрі ұлттың ынтымағын арттыруға үлес қосып келеді. Бұл мерекенің басты мәні – сыйластықты арттыру, жақсылық жасау, сыйлық сыйлау, мұқтаждарға көмектесу.

Осы мерекеде ізгі амалдар жасап, құрбандық шалып, тұрмыс жағдайы төмен отбасыларға жәрдемдесу, науқас жандардың көңілін сұрау сауапты іс екенін баршамыз білеміз. Құрбан шалу кісіні шүкіршілік пен тәубаға, аманатқа адалдық пен сертке беріктікке шақырады. «Құрбан» сөзі «жақындау», «тығыз байланыста болу» деген мағынаны білдіреді. Әрбір адам өзінің жомарттығымен, жанашырлығымен көмекке мұқтаж адамдарға қамқорлық көрсету арқылы Алланың алдында шексіз сауаптарға қол жеткізе алады. Бұл күні отбасы мен туған-туысты, жақындарымызды құттықтап, бәріне жылы сөйлеп, көңілін көтеру, елді бірлікке шақыратын амалдар жасаған игі іс болмақ. Ал, мемлекеттің мықты болуы елдің ынтымағына байланысты.

Әлемдегі дамыған елдер қатарына енуді мақсат тұтқан мемлекетіміздің негізгі ұстанған бағыты — бейбітшілік, келісім және тұрақтылық. Елбасының жемісті саясатының арқасында Қазақстан экономикасы тұрақты мемлекетке айналып, халқымыздың әл-ауқаты көтеріліп келеді. Жуырда Түркістан облысы құрылып, тарихи шешім қабылданды. Алдымызда осы облысты, шежірелі шаһарды дамыту міндеті тұр.

Құрметті Түркістан облысының тұрғындары! Елді бірлікке шақыратын Құрбан айт мерекесі құтты болсын! Баршаңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға құт-береке тілеймін. Қазақстан азаматтарының бірлігі мен берекесі артып, дербестігіміз тұғырлы, Елбасы бастаған егемен еліміздің болашағы баянды болғай!

Жансейіт ТҮЙМЕБАЕВ, Түркістан облысының әкімі