Түркістан облысында 35 898 гектар жаңа суармалы жерді пайдалануға енгізу жоспарлануда

356

ҚР Премьер Министрінің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі Ө.Шөкеевтің Түркістан облысына жұмыс сапары барысында өңірдегі АӨК -ні дамыту бағдарламасының және инвестициялық жобалардың іске асырылуы барысын талқылауға арналған семинар-кеңес өтті.

Жалпы АӨК – ні дамытудың мемлекеттік бағдарламасы мемлекет басшысының жыл сайынғы жолдауларында жүктелген стратегиялық міндеттері бірініші кезекте АӨК -дегі еңбек өнімділігін және өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын кем дегенде 2,5 есеге ұлғайту міндетін іске асыруға бағытталған. Зәкірлік кооперация негізінде етті және сүтті мал шаруашылығын дамытудың маңыздылығы атап өтілді.

Өңірлік салалық бағдарламалар шеңберінде өңірде 10 жылда бордақылау алаңдарының айналасында жалпы сүтті ірі қара мал басы 150 мыңнан асатын 3 000 отбасылық ферма құрылатын болады. Қой басы 300 мың басқа дейін ұлғаймақ. Сонымен бірге, өңірде тұқымды жақсарту көрсеткіштері төмен күйінде қалып отыр (бар жоғы 15 пайыз мал тартылған).

Өңірде мал шаруашылығын жүргізуге арналған 2 млн гектар жайылым пайдаланылмайды. Оларды фермерлік шаруашылықтарға кредит берудің қолжетімділігін ескере отырып отбасылық фермалар желісімен құру есебінен айналымға енгізу қажет. Кеңес пікір алмасу және өңірдің тауар өндірушілерінің маңызды мәселелерін талқылау форматында жалғасын тапты.

Жаңа суармалы жерлерді айналымға тартудың өзекті мәселелері қаралды. Түркістан облысы бойынша барлығы 35 898 гектар жаңа суармалы жерді пайдалануға енгізу жоспарлануда. Сондай-ақ, Түркістан облысында іске асырылғалы жатқан инвестициялық жобалар таныстырылды. «Нұрым» ЖШС – нің басшысы Сырым Ертаев экспортқа бағдарланған 10 мың басқа арналған бордақылау алаңын таныстырды. Кәсіпорын жыл басынан бері 1 300 тонна сиыр етін Өзбекстанға экспорттады.

Жұмыс барысында кеңеске қатысушылар Түркістан қаласында салынып жатқан түйе және бие сүтін өңдейтін «Golden Camel» зауытына барды. Зауыт тәулігіне 100 тонна түйе сүтін өңдеуге қуатты және ағымдағы жылғы қазан айында пайдалануға беріледі. Зауыт өнімі түгелдей экспортқа бағытталады. Жоба шетелдік инвестициялар есебінен іске асырылады.

Сондай – ақ, ауыл шаруашылығы техникасын құрастыратын «Kaz Kioti” ЖШС-нің қызметі таныстырылды. Кәсіпорын 2015 жылы кореялық компанияның жеке инвестициялық есебінен құрылды. Қазіргі уақытта зауыт жыл сайын 150 бірлік «DAEDONG” маркалы трактор шығарылады.

Өмірзақ Шөкеев атап өткендей АӨК – ні дамытудың мемлекеттік бағдарламасының негізгі бағыттарын түсіндіру жөніндегі мұндай семинар кеңестер елдің барлық өңірлерінде өткізілетін болады.

Мақпал Рысбаева