Түркістанда «Құрылысшылар күні» ерекше аталып өтті

822

Тамыздың екінші жексенбісі – «Құрылысшылар күні». Сала өкілдері алғаш рет төл мерекелерін Түркістан қаласында атап өтті. Шара аясында құрылыс тауарларын өндірушілердің көрмесі ұйымдастырылды. Сондай-ақ, саладағы бірқатар қызметкерлер марапатталып, ерекше ықыласқа бөленді.

Қыздырылып, шыңдалған шынылар күнгейде шығарылады. Жергілікті кәсіпорынның шыны өнімдері энергияны анағұрлым үнемдеуге сеп. Қыста үйдегі жылуды сақтаса, жазда бөлмедегі температураны бірқалыпты күйде ұстайды. Мамандар «шынылар автоматтандырылған техника арқылы кесіліп 680 градус ыстықта қыздырылады» дейді.

Мадина Сухова, кәсіпорын өкілі: «Қазіргі заман талабы өндіріс орындарында адамдардың қауіпсіздігі мен энергия үнемдеу. Осы мақсатта шыныларды шығарып жатырмыз. Бұлар 180 градуста өзгеріске шыдайды. Бұл шынылардың тиімділігі жылу өткізгіштігінде. Тағы бір ерекшелігі –күннен қорғайды».

Құрылысшылардың төл мекересі қарсаңында ұйымдастырылған көрмеде осындай тың технологиялардың жетістіктері ұсынылды. 40 шақты компания қатысқан шарада материалдардың түр- түрі бар. Үй жиһаздары мен құрылысқа қажетті құрал-жабдықтар да осында.

Алдағы уақытта құрылыс қыз-қыз қайнағалы тұрған Түркістан қаласында өткен бұл көрменің берері көп дейді ұйымдастырушылар.

Құттыбек Жамашев, Түркістан облыстық құрылыс басқармасының басшысы: «Жуырда бас жоспар нақтыланатын болады. Құрылыс басталады. Тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандар бой көтереді».

Төл мереке қарсаңында үздіктер марапатталды. Өңірдің құрылыс саласында еңбегі бар серіктестіктер, техникалық қадағалау, жобалау ұйымдарының өкілдері де елеусіз қалмады.

Айта кетейік, биыл облыс аумағында 500-ден аса нысанның құрылысы бойынша инвестициялық жобалардың іске асырылуына 111 млрд. теңгеден астам қаражат қаралған. Жыл соңына дейін 261 нысанды пайдалануға тапсыру жоспарланып отыр.

Мақпал Рысбаева