Президент Шымкент қаласының әлеуметтік қызмет көрсету орталығын аралап көрді

327
Фото akorda.kz

Нұрсұлтан Назарбаев халыққа мемлекеттік қызмет көрсету ісінің сапасын арттыру және жеделдету үшін цифрландыру бағдарламасын жүзеге асырудың маңызды екенін ерекше атап өтті.

Мемлекет басшысы Халыққа қызмет көрсету орталығы, Жұмыспен қамту орталығы, Көші-қон қызметі және Азаматтардың хал актілерін жазу бөлімі (АХАЖ) орналасқан әлеуметтік қызмет көрсету орталығымен танысты, деп хабарлайды otyrar.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Орталық қала тұрғындарымен қатар шетелдік инвесторлар үшін де цифрлық форматта мемлекеттік қызмет көрсетуге бағытталған.

Қазақстан Президентіне экономиканың түрлі секторларын, соның ішінде агроөнеркәсіп кешені, білім, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, денсаулық сақтау, көлік және қауіпсіздік салаларын цифрландыру жобаларының іске асырылуы жөнінде баяндалды. Баяндаманы тыңдаған соң Нұрсұлтан Назарбаев халыққа мемлекеттік қызмет көрсету ісінің сапасын арттыру және жеделдету үшін цифрландыру бағдарламасын жүзеге асырудың маңызды екенін ерекше атап өтті.

«Шымкент ірі мегаполиске айналады. Мұнда жаңа жобалар іске асырылуда. Еңбекқор шымкенттіктер қаланы дамытудың кепілі саналады. Жұмыстың ең маңызды бағыты – шағын және орта бизнес. Оны дамыту үшін тиісті қолдау көрсету қажет», – деді Қазақстан Президенті.