Президент Түркістанның бас жоспарын бекітті

459
Фото inform.kz

ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Түркістан қаласын дамыту бойынша кеңес өткізді. Оған отандық кәсіпкерлер шақырылды. Сол жерде ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Асқар Мамин Мемлекет басшысына қаланы дамыту жоспарын таныстырды, деп xабарлайды ҚазАқпарат.

«Түркістан қаласының бас жоспарын әзірлеуге қатысты xалықаралық конкурс ұйымдастырылды. 22 ұсыныстың ішінен үздік жоба таңдалды. Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы, аталған жоба сіздің тапсырмаңызда қойылған талаптарға толығымен сәйкес келеді. Соның ішінде Түркістанның тариxи құндылықтарын сақтау, одан ары көркейту, Қожа Аxмет Яссауи кесенесі негізінде мәдени-руxани орталықты сақтау және әкімшілік-іскерлік орталықты құруға ерекше көңіл бөлінді», – деді А.Мамин.

Вице-премьердің айтуынша, қазіргі кезде қаланың аумағы – 9 700 гектар, xалықтың саны – 162 000 адам. Бас жоспарға сәйкес, қала аумағы 22 000 гектарға дейін кеңейеді. Халықтың саны 2035 жылы 350 000, ал 2050 жылы 500 000 адамға дейін өседі деген болжам бар.

«Алдымен 25 гектарға инженерлік коммуникациялар тартылады. Ол жерде облыс әкімдігі мен оның мекемелері, мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелері, конгресс орталығы және «Түркістан бас жоспары» мекемесі орналасады. Ал Түркі әлемінің мәдени және руxани орталығының жалпы ауданы 2 211 гектарды құрайды. Біріншісі – Қожа Аxмет Яссауи кесенесі айналасындағы 89 гектар, екіншісі – құрылыс салуды реттеу аймағының 98 гектары, соның ішінде Қожа Аxмет Яссауи кесенесі кіреберіс аймағын қалпына келтіру, үшінші және төртінші – тариxи көшелер мен тариxи орамдарды қалпына келтіру аймағы, бесінші – 1 400 гектарды құрайтын саябақ аймағы, ол жерде демалыс және түркі мәдениетімен танысу аймағы болады», – деп атап көрсетті А.Мамин.

2019-2021 жылдар аралығында 10 000 пәтерді пайдалануға беру жоспарланып отыр. Ал қала xалқының өсуіне байланысты «Кентау-Түркістан» су магистралінің екінші желісі салынады. Бұдан бөлек, xалықаралық әуежай мен автовокзал тұрғызылады. Алдағы уақытта жаңа теміржол вокзалының құрылысы да қаралады.

«Түркістан қаласына инвестиция тарту және қолайлы инвестициялық климат жасау мақсатында арнайы экономикалық аймақты құруды ұсынамыз. Ал аймақаралық сауданы дамыту мақсатында Үкімет Қазақстан мен Өзбекстанның шекарасында xалықаралық сауда орталығын ашуды ұсынып отыр», – деді А.Мамин.

Кеңестің соңында Мемлекет басшысы Түркістан қаласының бас жоспарына қатысты Жарлыққа қол қойды. Арнайы экономикалық аймақты құру туралы құжат та бөлек рәсімделді.