Шымкентте аяқ киім шығаратын жаңа фабрика іске қосылды

1141
фото shymkent.gov.kz

Қала әкімі Ғабидола Әбдірахымов Шымкенттегі аяқ киім шығаратын «Lux Shoes» БК» ЖШС фабрикасының салтанатты ашылуына қатысып, цехтың жұмысын аралап көрді. Мұнда халықаралық стандарттарға сай, таза былғарыдан тігілген аяқ киімдер өндірілуде. Бағасы да қолжетімді. «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында іске қосылған аяқ киім фабрикасында жұмыс қызу. Дайын өнімдер Тараз, Алматы, Астана қаласына жөнелтілуде.

Жобаның инвестиция көлемі – 403 млн теңге. Аяқ киімдер заман талабына сай итальяндық технология бойынша түркиялық «Fantes» және «Comelz» маркалы құрылғыларда қалыпқа салынып, сапалы тігіледі. Барлық топтамалар сәнді және талғамға сай үлгіде жасалады. Жоспар бойынша кәсіпорын жылына 120 мыңнан астам жұп аяқ киім шығаруды көздеп отыр.

Кәсіпорын жұмысын бастағанына 2 айдың көлемі болған. Онда 90-ға жуық адам жұмыс істейді. Алдағы уақытта дайын өнімді ТМД және Орта Азия мемлекеттеріне экспортқа шығару да жоспарда бар.

Қала әкімі аяқ киім тігу цехының барлық этаптық жұмыстарымен танысып шықты. Былғарыны өңдеу, жобалау, тігу және түптеуге дейінгі жұмыстардың барысын көріп, цехты аралап шықты.  Жалпы, аяқкиімдер таза былғарыдан тігіледі. Яғни, экологиялық таза өнім.

«Өндірістің жылдан жылға ауқымы кеңейіп келеді. Бұған дейін шұлық шығарса, енді жанынан аяқ киім цехы ашылып отыр. Бағасы да қолжетімді. Келешекте үстімізге киетін киімнің бәрі Шымкентте тігіліп, шығарылуына жағдай жасаймыз. Ең бастысы, сапаға мән беріңіздер. Жұмысшылардың жалақылары дұрыс болсын. Қыз-келіншектердің аяқ киімін шығаруды да тезірек қолға алған жөн», – деді қала әкімі кәсіпорынның ашылу салтанатында.

Халықаралық стандарттар бойынша жұмыс істейтін қаладағы алғашқы ірі кәсіпорынның өнімдері зор сұранысқа ие. Бас инженер Түркиядан шақыртылған. Ол аяқ киімнің сапасын қадағалайды. Оның 2 көмекшісі жергілікті мамандарды жаңа технологияға үйретуде.

Жалпы, мұнда 50-ге жуық аяқкиім түрлері бар. Қала тұрғындары қызыға алып жатқан сәні де ыңғайлы бұл аяқкиімдердің бағасы да қолжетімді әрі өте сапалы. Бұл бұйымдар Шымкенттегі «Самал», «Айна» базарларында сатылуда. Одан бөлек, Тараз, Алматы, Астанадан тапсырыстар түсіп жатыр. Нарықтағы бағасы 17-18 мың теңгенің аралығында.

«Әлем БТ» ЖШС-нің құрылтайшысы Нұрсұлтан Балабиевтің айтуынша, мұндай технология бойынша жұмыс істейтін мамандар аз. Кәсіпорын бүгінгі нарық талаптарын ескере отырып, Даму қорынан,  екінші деңгейлі банктерден қаржы алып, жұмысты бастаған. Олардың бастамасын қала әкімі де қолдады.

Алда фабриканың жұмыс қуаттылығын арттыруға күш салынбақ. Әйелдерге және балаларға арналған аяқкиімдер де шығарылмақ.

Фабрика қызметкері Сандуғаш Жомартбекова 2 айдан бері аяқкиімнің дизайнын сызу, моделін жасау сынды жұмыстарды түркиялық маманнан үйренуде. Өзінің мамандығы – дизайнер, модельер. М. Әуезов атындағы ОҚМУ-ды 2014 жылы тәмамдаған. Айтуынша, жалақысы да көңілден шығады.

«Lux Shoes» БК» ЖШС бас директоры Гайрат Хасанбаев мұнда 230 орын жұмыс орны барын айтады. Кәсіпорынның аяқтан тұрып кетуіне мемлекеттен қолдау зор. Отандық өндірушілермен бірге қолжетімді бағаны қалыптастырмақ ниетте. Басты мақсат – бәсекеге қабілетті экологиялық таза өнім шығару. Нарық пен заман талабына сай тауар шығарып, цех жұмысын кеңейте беруді көздеген ұжымның болашақта үлкен межелерге жететініне сенім мол.

shymkent.gov.kz