«Ясауитану-2018» халықаралық байқауы басталды

683

Астана қаласының 20 жылдығы жəне «Əзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мəдени қорық-музейінің 40 жылдық мерейтойына орай, мектеп оқушылары арасында Түркістан қаласында XXII «Ясауитану-2018» Халықаралық байқауы басталды. Маңызды ақпаратты облыс әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлап отыр.

Айтулы сайысқа Өзбекстан, Түркия, Қырғызстан Республикаларынан, сондай-ақ еліміздің Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен Ақмола, Алматы, Ақтөбе, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Шығыс Қазақстан және Түркістан облыстарынан 41 оқушы жолдама алған.

«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі ұйымдастырып отырған «Ясауитану-2018» Халықаралық білім және өнер сайысының мақсаты – Қожа Ахмет Ясауидің рухани мұрасы мен ілімін, «Әзірет Сұлтан» кесенесіне жерленген дара тұлғалардың елі үшін атқарған еңбектерін таныту. Сонымен қатар, Түркістан қаласының тарихы мен Әмір Темір дәуірінен қалған құнды ортағасырлық жәдігерлерді насихаттау.

Байқау екі кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңде – оқушылар еш мүдірмей, қатесіз Қожа Ахмет Ясауи хикметтерін жатқа айту жағынан сайысқа түссе, екінші кезеңде сұрақ-жауап түрінде Қожа Ахмет Ясауидің өмірі мен шығармаларына, хикметтеріндегі ұғымдарға, Қожа Ахмет Ясауи кесенесі мен ондағы жәдігерлерге қатысты сұрақтарға жауап береді. Байқау соңында жеңімпаздар арнайы дипломмен, ал жетекшілік жасаған ұстаздар сертификатпен марапатталады.

Айта өтейік, 22 жылдық тарихы бар «Ясауитану» байқауы 1996 жылдан бастау алған. Бастапқы кезде қала мектептері арасында ұйымдастырылған сайыс 2006 жылы ауданаралық, 2007-2008 жылдары облыстық, 2009-2015 жылдары республикалық, 2016 жылдан бастап халықаралық деңгейде өтіп келеді.