«Көмеш бұлақ» базарының маңында қашан тәртіп орнайды?

733

«Көмеш бұлақ» базары маңында жүріп-тұру мұңға айналған. Әсіресе Республика даңғылының тұрғындарынан шағым көп түседі. Тұрғындардан түскен арызбен ауызша емес, шынайы таныспаққа Абай ауданының әкімі арнайы келді. Өзімен бірге топ құрып, рейд ұйымдастырды. Бұл жолы заңды белшесінен басқандарға ескерту беріп, енді аямайтынын айта кетті.

Абай ауданы әкімінің орынбасары Нұрлан Тілеш: «Міне, көріңіздер қандай антисанитария, бұл жерден адам қалай тамақ жейді?».

Бұл Көмешбұлақ базарының кейпі. Айқайы көп сауда орны республикалық маңызы бар Шымшаһарға Орта Азиядан кіретін жалғыз жолдың бойында орналасқан. Келушілерді ғана емес, жергілікті тұрғындарды да мезі еткен. Айтуларынша базар маңы күндіз түні ығы-жығы, 24 сағат жұмыс істейді. Тазалық деген атымен жоқ. Өңіріміздің оңтүстігіне қатынайтын такси жүргізушілері көпқабатты үй аулаларын әжетханаға айналдырып алған. Оқушылар жаяу жүргінші жолымен жүре алмайды деп ашынып отыр.

Жергілікті тұрғын «балаларымыз мектепке бара алмайды. Темекі шегіп талай баланың үстін таксистер күйдіріп тастады. Жолаушы іздіп теріс қарап тұрады, артынан келген баланы байқамай…» дейді.

Бір қызығы былыққа батқан базар маңына тәртіп орнатайық деген бірде бір мекеме табылмапты. Керек десеңіз, тәртіп сақшылары маңайды тыныштандыра алмаған. Өткен айдың өзінде 18 хаттама толтырып, заң бұзғандарды айыпқа тартқан. Десе де, тәртіпке бағынғандары көзге көрінбей тұр.

Ал Абай аудандық ІІБ орынбасары болса, «Мұнда екі маман бекітілген. Енді жұмыс жасаймыз, тәртіп болады» деп отыр.

Тұрғындардың бұл жолғы өтініші бойынша, Абай ауданы әкімінің өзі келді. Саудагерлерге түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, тәртіпке шақырды.

Абай ауданы әкімінің ескертуінен нәтиже шыға ма, жоқ па уақыт еншісінде. Бірақ, тәртіпке бағынбағандардың басынан келесі жолы ешкім сипамайтыны айтылды.

Нұрлан Күдерұлы