Мал бордақылаудан табыс мол

653

Жетісайлық шаруалар «Сыбаға» бағдарламасының тиімділігін көріп отыр. Солардың бірі – «Муйтембай ата» шаруа қожалығы. Бүгінде қожалық қорасында 100 бас бұқа бордақылануда. Мұнда негізінен ірі қара малдың етті қазақы ақбас және германдық тұқымдары жемге қойылған. Неміс бұқаларының ең ірісі кемінде 500, қазақы ақбас өгіздер 350 келіге дейін ет береді екен.

Қожалық төрағасы Нұржігіт Муйтембаев бұл кәсіпті 2010 жылы қолға алыпты. Алғашқыда «Сыбаға» бағдарламасымен 5 млн теңге жеңілдетілген несие алып, 30 бас сауын сиыр бағып көріпті. Алайда ауылды жерде жайылым тар болғандықтан 2013 жылы бұқа бордақылауға бет бұрған. Сөйтіп, сол жылы 6 млн теңге несие алып, бүгінде ісін өрге дөңгелетіп отыр.

«Мал азығы өзімізде дайындылады. Биыл 8 гектар жерге жоңышқа ектік. Ал қалған жем түрлерін сатып аламыз. Қожалығымызда 6 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Бордақыланған мал етін көбінде Жетісай қаласындағы базарларға саудалаймыз. Қазір сиыр етінің келісін 1350 теңгеден өткізудеміз. Табыс жаман емес. «Сыбаға» бағдарламасының арқасында 10 отбасыға жұмыс тауып беріп, үлкен бір әулетті бағып отырмыз. Алдағы жылы қорамызды тағы да кеңейтіп, мал басын арттыруды да жоспарлаудамыз»,- дейді қожалық төрағасы.

Аталған қожалық биыл бұдан бөлек 8 гектар мақта, 5 гектар жүзім, 50 соттық жерге анар егіпті. Қожалық иелігінде 4 трактор мен 1 мақта теретін комбайн бар.

Жетісай ауданы әкімінің баспасөз қызметі