Шымкентте 350 көше жөндеуден өтеді

365
Total.kz

Шымкентте Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында белгіленген жаңа басымдықтар іске асырыла бастады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Келесі жылдың өзінде ірі қалада 350 көшені жөндеу жоспарланған. Миллиондаған тұрғыны бар қала басшылығы жаңа кәріз жүйесін салуды да жоспарлап отыр. «Нұртас» ықшамауданы Шымкент қаласының  картасында жақында ғана пайда болды. Бірнеше жылдың ішінде зор алқаптың орнында жаңа тұрғын үй кешені бой көтерді. Ондағы тұрғындарға жарық, газ және су тартылды. Енді олар орталық кәріз жүйесі іске қосылсақ деп армандайды.

Мелдебек Әділбаев, қала тұрғыны: «Мен жаяу жүргенді ұнатамын, үйлердің жанынан өтіп бара жатсаңыз,әйтеуір жағымсыз иіс міндетті түрде шығып тұрады. Сол мәселе жойылса екен деймін».

Қала тұрғындарының жартысынан астамы дәл осындай қолайсыздықты бастан кешіруде. Қалалық әкімдік ұсынған мәлімет бойынша, миллиондаған тұрғыны бар шаһарда кәріз жүйесімен бар болғаны тұрғындардың 46 пайызы қамтылған. Сондықтан қазірден бастап-ақ, мұнда жаңа су ағызу нысандарының құрылысы басталып кеткен. Алдағы бірнеше жылда халықты кәріз жүйесімен қамту ісі екі есеге артады.
Нұрлан Аманқұлов, қалалық энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы: «Шымкент қаласын дамыту жоспарына сәйкес, 30-дан астам жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлейміз, оған 50 миллиардтан астам теңге жұмсалатын болады. Сәйкесінше, 46 пайызды біз 80 пайызға жеткізуді жоспарлап отырмыз».

Ғабидолла Әбдірахимов, қала әкімі: «Елбасы барлық мүмкіндікті жасап берді. Елбасымыздың өз Жолдауында: қалаларда бәрі әдемі, азаматтар үшін қолайлы, көшелерде, аулада жүру жағымды болуы тиіс деген сөзіне қуаныштымын. Бұл – біз орындайтын тапсырма. Біз осымен айналысуға тиіспіз. Бізге әсемдік туралы да ойлайтын уақыт жетті».

Осы тұрғын үй кешенінің жанындағы көшелерде асфальт та төселмеген. Десек те, бұл бірнеше жыл бұрын ғана ірі қалаға қосылған жаңа ықшамаудандар мен елді мекендер үшін ортақ проблема.

Серік Әкімбаев, қала тұрғыны: «Айналамыздағы көшелерге асфальт төселген, мына көшеге ғана төселмеген, ауыратын адамдар бар. Олар жедел жәрдемнің көмегін қажет етеді, кәрі, қамқорлыққа мұқтаж адамдар, мектепке баратын балалар бар. Өздеріңіз білесіздер, жол салу адамдар үшін өте маңызды».

Билік бұл мәселені де шешуге уәде беріп отыр. Келесі жылдың өзінде Шымкентте 350 көше жөнделмек. Бұл 20 миллиардқа жуық теңгені талап етеді. Ол бойынша жобалық-сметалық құжаттамада дайын.

Қуатжан Жұматаев, қалалық жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары басқармасының басшысы: «Елбасының Жолдауынан кейін бюджеттен қаражат қарастырылатын болады, бұл – біз үшін қосымша пайда».

Сондай-ақ құны 19 миллиард теңгелік екі республикалық маңызы бар жолдар да қайта жөндеуден өтеді. Қалада жаңа сумен жабдықтау нысандары салынады және электр жүйесі жетілдіріледі, табиғи газға мұқтаждықты өтеу үшін жаңа автоматтандырылған газ тарату станциясы орнатылады.