Түркістан: заңсыз құрылысқа бақылау күшейген

295
фото Самат Мырзалиев

Түркістан облыстық Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасы тарапынан ағымдағы жылдың 9 айында 2420 нысанның құрылысы тексерілді. Оның ішінде жеке қаражат есебінен – 2057 нысан, бюджет қаражаты есебінен 363 нысан бар. Бүгін бұл туралы Түркістан облысы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқарма басшысының орынбасары Мерлан Керімжанов мәлім етті.

Оның айтуынша, заңдық нормалар мен талаптарды бұза отырып салынған әрі  нұсқамалар талаптарын орындамаған 356 нысан тексеріліп, заң аясында шара қолданылған.

«Мемлекеттік бюджет есебінен салынудағы құрылыс нысандарында 114 мердігер мекемесіне және 14 жобалаушы мекемеге ҚР әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне сәйкес шаралар көріліп, жалпы құны – 15,6 млн. теңге айыппұл салынды. Инжинирингтік қызмет көрсету талаптарын бұзып орындаған 19 техникалық қадағалаушыға заңға сәйкес аттестаттарын 6 айға тоқтатып, 8,2 млн. теңге айыппұл салынған», – деді Мерлан Абдрахманұлы.

Бұдан бөлек, аудан, қалалар әкімдіктерінен «қызыл сызыққа» өтіп салынған нысандарды тексеру барысында жергілікті әкімдіктер тарапынан құрылыс салуға жер телімін беру кезінде жол жиегінің «қызыл сызығын» және санитарлық қорғау аймақтарының ара қашықтықтарын сақтау сияқты талаптардың бұзылғандығы анықталып отыр.

Басқарма тарапынан мониторинг жүргізу барысында және аудан, қала әкімдіктерінің хаттары мен жеке және заңды тұлғалардың арыздары бойынша облыс аумағындағы құрылыс нысандарын қадағалау, тексеру арқылы заң бұзушылықтармен жұмыс жүргізіліп жатқанын хабарлаймыз.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі