Қандастарымыз тілімізді, салт -дәстүрімізді дәріптеуге ат салысады

544

«Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында «Отандастар» қоры қоғамдық даму министрлігі Дүниежүзі қазақтар қауымдастығымен бірге «Туған жерге тағзым» атты кең ауқымды жобаны бастады. Жобаның алғашқы экскурсиясы түркі әлемінің рухани астанасы Түркістан қаласында өтті. Шетелдік отандастарымыз киелі жерлерді жақыннан танып, еліміздің мәдениеті, салт – дәстүріне қанықты

Қожа Ахмет Ясауи кесенесі жанында тігілген киіз үйлер, алтыбақан тепкен жастар, алыс жақыннан келген отандастарымызды күткен қонақжай жерлестеріміз. Барлығының көңіл-күйі көтеріңкі. Бірі алыстан ат арылтып келген бауырларын көріп қуануда, енді бірі мыңдаған шақырымды артқа тастап, Отаным деп қасиетті мекенге аяқ басқанына разы.Татулығы бекем Оңтүстік жұртшылығының ел тәуелсіздік алғаннан бергі тұрмысы осы. «Туған жерге тағзым» бірегей жобасының аясында Франция, Ресей, Моңғолия, Белоруссия, Иран, Қытай, Өзбекстан елдерінен арнайы келген қандастарымыз қасиетті жердің тарихи, мәдени құндылықтарымен танысуға ынтызар екенін ағынан жарылып айтып жатты.

Жақсылық Жорықбаев, Ташкент облысындағы Шыршық қаласының қазақ мәдени орталығының төрағасы: «Биыл Қазақстанда Өзбекстан жылы тойланды. Келер жылы Өзбекстанда Қазақстан жылы өтеді. Оған дайындық қарқынды жүріп жатыр. Біз сіздерді Өзбекстанға шақырамыз. Міне, туған жерімізге келіп, Арыстанбаб, Қожа Ахмет Ясауи кесенелерін аралап рухтанып қалдық. Әсіресе атап өткім келетіні, қазақ халқының қонақжайлылығы. Өзбек пен қазақ бауырлас ел. Достығымыз мәңгілік болсын».

Шаһардағы білім ордасында қадірлі қонақтардың құрметіне ұлттық нақыштағы экспозициялар көрмесі қойылыпты. Онымен танысқан қонақтар ұлттық аспаптар оркестрінің орындаған әсем әуендерін де ерекше ықыласпен қабылдады.

Яшар Диниш,

Яшар Диниш, Франциядағы Мұстафа Шоқай атындағы «Достық» француз-қазақ қоғамының төрағасы: «Менің отбасым туған жерінен 1934 жылы аштық басталғанда Қытайға қоныстанған. Кейін Пакистанда, сосын Түркияда тұрақтаған. Өзім 1971 жылы Францияға көшіп барып, жұмыс істей бастадым. Мамандығым тоқымашы. 1992 жылы Францияға Нұрсұлтан Назарбаев келгенде, Париждің мэріне «мына менің отандастарым, бауырларыма жағдай жасасаң Қазақстан халқына жасаған жақсылығың» деген болатын. 1990 жылдары Қазақстанға достарымызды, әріптестерімізді алып келуге ұялатын едік. Бүгінде шүкір, өсіп, өркендеген Қазақстанға әлем қызыға қарайды. Қазағымның дастарханы мол болсын. Мен көп елде болдым. Бірақ қазақтың қонақжайлылығы, тәрбиесі мен салт – дәстүріне бай халықты көрмедім. Ел тыныштығын тілеймін, өркендесін туған жерім».

Соңғы мәліметтерге сүйенсек, алыс-жақын шетелдерде 6-млн-нан астам қазақ бар. Оның жартысы Өзбекстан мен Ресейде тұрады. Қытайда 2 млн.-дай қандасымыз тұрып жатыр.

Бір қуанарлығы, тілі мен дәстүрін ұмытпай, керісінше, дәріптеуге тырысады. Онысын осы сапарында тілге тиек етті. «Отандастар» Қоры Қоғамдық даму министрлігі Дүниежүзі қазақтары қауымдастығымен бірге қолға алған «Туған жерге» тағзым жобасының аясында «Қазақстанның киелі жерлері» тақырыбында дөңгелек ұстел басына жиналып, ой қозғады. Мемлекеттік тілді дамыту, қазақтың салт -дәстүрін кейінгі ұрпаққа ұғындыруды баршасы ортақ мақсат санайды.

Шынар Оразова