Шымкентте сатушысы жоқ дүкен ашылды

814

Қаламызда сатушысы жоқ дүкен ашылды. Онда сізге қызмет көрсететін көзіміз үйренген сатушы да, автомат құрылғы да жоқ. Сауда орнының басты ерекшелігі де осында. Қаламыздағы ЖОО-ның бірінде еліміздегі тұңғыш рет адалдық дүкені ашылды.

Басты ерекшелігі сол мұнда сатушы да, сізді бақылайтын бейнебақылау камерасы да жоқ. Затты алдыңыз, ал ақшасын төлеу, не төлемеу студенттің өзінің арының еншісіне қалмақ. Осылайша, бұл мекен студенттердің әлеуметтік жауапкершілігін шыңдайтын орынға айналмақ.

«Не шықса да, Шымкенттен шығады» деген сөзді тағы бір еске алмасқа болмайды. Жақсы жағымен! Расында, мұндай дүкен республикада бірінші болып Шымкентте ашылды. Жергілікті кәсіпкердің шағын дүкенін студенттер бірінші күні-ақ байқады. Және бірден құптады.

Нұрсұлу Қалибекова, 1-курс студенті: «Тиімділігі, адам күтпейсіз. Кезек болмайды.  Апайлардан да сұрамайсың. Кәдімгідей үйде жүргендей, заттарды алып кете бересің. Бағаларының бәрі жазылып тұр. Иә, бір жағынан ақша ұрлау деген басқа адамдардың басына келуі мүмкін. Бірақ, қасыңда адамдар тұрғанда ондай іске бару мүмкін емес. Өз-өзіңді тиясың. Осылайша, өзіңді-өзің тәрбиелейсің. Бұл адамға көп пайдасын тигізеді».

ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің бастамасымен қолға алынған шара енді өзге аймақтардағы ЖОО-да да жалғасын таппақ.

«Біздің мақсатымыз – біздің терең тарихымызға сүйене отырып дегендей, қоғамды осы адалдыққа тартып, мемлекетіміздің амандығы мен дамуына әрқайсымыздың үлес қосуымыз. Не айтса да, қандай іс-шара қолданса да, қандай мекеме болсын бірақ түбінде соның бәрі адамның жеке іргетасына байланысты. Әрбір адамның рухани ішкі дүниесі болады. Адалдық былай айтқанда. Ал адалдық бойынша шұғылданып отырғанымыз ең бірінші жастар. Өйткені, бұлар осы жерде оқып жатыр, білім алады, алдарына мақсаттарын қойды. Қоғамның ең тиімді өкілдері жастар. Жалпы біздің мақсатымыз осы қаладан бастап еліміздің барлық өңірлерін қамтып, жас өркендерді адалдыққа шақыру».

Мамандар бұл жаңалықтың тағы бір ұтымды тұсы барын айтады. Адалдық дүкендері көбейсе, жасөспірімдер арасындағы қылмыс саны да азаятынына сенімді. Ең алдымен өзіне, одан соң өзгеге, Отанына адал болатын саналы жастар көбейсе, қоғам , сөзсіз ұтады. Солай болатынына сенейік.

Айя Мүтәлі