Жол апатына жылқы себепкер болды

501
Фото Алау ТВ

Қараусыз жүрген төрт түлік түрлі жол апатына себепкер болуда. Күре жолға шығып кеткен жылқының кесірінен 5 адам қаза тапты. Тосыннан болған жантүршігерлік жол көлік оқиғасы Түркістан облысының аумағындағы Шардара-Абай тас жолында орын алды.

Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, түнгі сағат бірлер шамасында  «МАЗ»  жүк көлігі жол бойындағы жылқыны соғып кеткен. Қатты екпінмен жолға жүгіріп шыққан жылқыны байқамай қалған. Қатты соққыдан жолдың қарсы бетіне шығып кетіп, «Лексус» маркалы көлікпен соқтығысқан.

Жол апаты салдарынан жеңіл көліктің жүргізушісі мен төрт жолаушы оқиға орнында көз жұмды. Қайтыс болған жүргізушінің Алматы қаласының тұрғыны екені анықталды.

Жолаушылардың бірі Шардара ауданының тұрғыны, қалған үш адам  Өзбекстан Республикасының азаматтары болып шықты. Тағы бір өзбекстандық жолаушы түрлі дене жарақатымен аудандық аурухананың жансақтау бөліміне жатыр.

«Қазір осы оқиға бойынша Қылмыстық кодекстің 345 бабы «Көлiк құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы» бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Сараптамалар тағайындалып, жүк көлігінің жүргізушісі қамауға алынды. Полицейлер жылқының иесін іздестіріп жатыр», делінген хабарламада.