Жол апатына ұшыраған жолбарыс құтқарылды

374
DCIM100GOPROG0049947.

Алматы-Ташкент тасжолында болған жол-көлік оқиғасында төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері жолбарысты құтқарып қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Жамбыл облыстық ТЖД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Оқиға 6 желтоқсан күні 14.20-да Алматы-Ташкент тасжолының 553-шақырымында, Жуалы ауданының тұсында болған. «МТС 25» (Теміртау) жылжымалы зообағының жүк көлігі қалтарыстары мен бұрылыстары көп Күйік таулы өткелі арқылы кетіп бара жатқан. Жануарлар артылған көлік осындай бұрылыста жыраға түсіп кетіп, жарда қалып қойған. Бір сағаттан кейін Жамбыл облыстық ТЖД жедел-құтқару жасағының қызметкерлері (5 адам, 1 техника) келді. Аударылған жүк көлігінің тиегішінен жолбарысты торға салып, арнайы көлікке тиеу керек болған.

Құтқарушылардың айтуынша, олар бұрын-соңды мұндай оқиғаға тап болмаған. Жануарлар тиелген вагонды кранмен тасжолға өткізу мүмкін емес-ті. Жыра шетінде тұрған вагонда бойын қорқыныш билеген жолбарыс әрі-бері қозғала бастаған.

«Құтқарушылар оның түбін моторлы арамен кесіп, бетіне екі тесік жасау туралы шешім қабылдаған. Факелдің көмегімен зардап шеккен жануарларды торға айдап кіргізген. Бәрі ойдағыдай аяқталды. Мұндай операция алғаш рет жүргізіліп отыр», – деді Жамбыл облыстық ТЖД-дағылар.