Қымбатшылық…

614
фото SN.kz

Нарық ырық берер емес. Айналдырған бір айдың ішінде бағалардың біршама өскенін байқайсыз. Әйтеуір арзандап жатқан дүние аз. Құрғақ сөзбен емес, ресми ақпарға сүйенсек. Түркістан облыстық статистика басқармасының мәліметіне қарағанда облыс бойынша тұтыну бағаларының индексі өткен жылғы желтоқсанда былтырғы жылғы қарашамен салыстырғанда 100,9 пайызды құрады. Азық-түлік тауарларының бағасы 1,6 пайызға, азық-түлік емес тауарлары және халыққа ақылы қызмет көрсету – 0,4 пайызға өскен.

2018 жылғы желтоқсанда азық-түлік тауарлар нарығында баға өсімі қияр – 33,3 пайыз, қызанақ – 28 пайыз, жүзім – 16,7 пайыз, алмұрт – 12,5 пайыз, картоп – 9,3 пайыз, кептірілген өрік– 6,1 пайыз, тары – 5,3 пайыз, тауық – 5,1 пайыз, басты пияз – 4,5 пайыз, сары май – 4,1 пайыз, кеспе, майлылығы 2,5 пайыз айран және жұмыртқа – 3,7 пайыздан, жылқы еті – 3,3 пайыз, жоғары сұрыптты бидай ұны – 2,2 пайыз байқалды.

Азық-түлік емес тауарларынан киім мен аяқ киім бағасы 1,2 пайызға өссе, тас көмір – 9,1 пайызға және жанармай – 0,2 пайызға төмендеді. Ақылы қызметтер саласында абаттандырылған тұрғын үйді жалға алу бағасы 4,2 пайыз, абаттандырылмағаны – 7,8 пайызға өскен.

Баға бағамын нарықтың өзі реттейді десек те, баға бас бермес асаудың күйін кешулі. Ай емес, апта бұрынғы бағаның өзі құбылып тұр. Саудагерлердің уәжі доллардың қымбаттауына саяды. Ал өзімізде өндірілген өнімдерге доллардың не қатысы бар деген заңды сауал туындайды. Алайда … сауал көп, жауап жоқ…

Айназ Бейімбет