Баспаналарының бағасымен келіспеген түркістандықтардың мәселесі сотта қаралады

351

Үйлері сүріледі деген 95 түркістандық рұқсатын беріп, 25-і қаржыларын да алып үлгерген. Жылжымайтын мүлік сомасымен келіскендердің алды жаңа баспаналы болып жатыр. Қазір қоныс тойын тойлап, шаһардың гүлденуіне ақ батасын беріп отыр.

Сабира Райқұлова, Түркістан қаласының түрғыны

Сабира Райқұлова, тұрғын: «Әмір Темір көшесіндегі №45 үйде тұратынбыз. Бір учаскеде екі үйдің бірінде ұлым  отбасымен тұрған. Екі үйдің  біріне 17 млн, екіншісіне 15 млн теңге қаржы аударды. Берген бағаларына қанағаттанамыз. Оралмандар ауылында балама 8 млн. теңгеге  бес бөлмелі үй алдым. Өзім қазір времянкада тұрып жатырмын, тегін. Айша бибіден 3 млн теңгеге жер алдық. Енді оған үй соғамыз… Түркістанымыз гүлденсін. Ұрысқанда не пайда?».

Ал бағалу құнына келіспегендер сотқа жүгінген. «Олардың саны – 44»- дейді мамандар. Солардың бірі Гұлзия Ахметова. Айтуынша, жергілікті әкімдік үйін босатып алу үшін түрлі айлаға басқан. Тіптен, қорқытып, үркітетіндер көбейді деп ашынады.

Гүлзия Ахметова, Түркістан қаласының тұрғыны: «Қысым жасап жатыр. Балабақшада, мектепте істегендерге қол қойыңдар, әйтпесе жұмыстан шығарыласыңдар» деп қорқытуда. «СОБР алып келіп, бұзамыз» дейді. Ол не деген сөз? Қандай құқығы бар? Ашуландырмасын бізді, салық, патентімізді  барлық төлемдерді мерзімінде өтеп отырмыз. Арттары қуыс болған соң, сондай әрекетке барып отыр. Барлығын сатып алған».

Жалғыз баспанасының бағалау сомасымен келіспеген  ана, қартайғанда сандалтып қойған әкімдікке өкпелі. «Екінші топтағы мүгедекпін. 2005 жылы жер сұрадым. Құдайдың 10 соттық жерін бермеді. Сонда бергенде үй салып, қазір беріп жатқан қаржыға үй салып отырмаймын ба? Қайда барамын енді, айтыңдаршы?».

Бұл мәселелермен әкімдіктен құрылған штаб мүшелері таныс. 23 адамнан жасақталған жұмыс тобы халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, күрделілікті шешіп те келеді. Енді үйін босатқысы келмейтіндермен сот айналысады деп отыр.

Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Тәжібек Мұсаев «Отырар» телеарнасына сұхбат беруде

Тәжібек Мұсаев, Түркістан қаласы әкімінің орынбасары: «Елбасының 29 қыркүйекте бекітілген Түркістан қаласын түркі әлемінің мәдени-рухани орталығы ретінде дамыту жө­ніндегі бас жоспардың тұжы­рымдамасына сәйкес қалаға құ­рылыс нысандарын салу жоспар­лануда. Осыған орай, ІІ-ІІІ аумаққа салынатын нысандар тіз­бесі анықталды. Құрылыс ны­сандарына қажетті жерлерді қайтару жұмысы қала әкімінің 2018 жылғы 16-қазандағы №1370 және 27-қарашадағы №1604 «Мем­лекет мұқтаждығы үшін жер учас­келерін немесе өзге де жыл­жы­майтын мүліктерді мәжбүрлеп иеліктен шығарудың басталуы туралы» қаулыларына сәйкес мемлекет меншігіне жер қайтару жұмыстары жүргізілуде. Осыған орай, сызбадағы 98 гектар жерді құрайтын екінші аймақ аталатын «Рухани-мәдени орталық» айма­ғына қажетті жерді дайындау мақсатында мемлекеттің мұқ­таж­ды­ғы үшін 168 нысанды (14 кә­сіпкерлік, 154 тұрғын үй) қайтару жұмыстары жүргізілуде. Бү­гінгі таңға нысандардың  бағалау жұмыстары толық аяқталған. Сондай-ақ, бұл жұмыстарды мемлекеттік сатып алу заңына сәйкес, конкурстың нәтижесінде нысандарды бағалау жұмыстарын «Экспо Оценка» ЖШС-і жүргізді. Бағалау жұмыстары біткен  нысандардың, бүгінгі таңда 95 меншік иесінің келісімі толығымен алынған. Бұл келісім алынған нысан иелерінің құ­жаттары толығымен бітіп, бүгінде тұрғын үй нысандарын босатып, бұзу жұмыстары басталып кетті. Келіскендердің бүгінде 25-не бұзылу жұмыстары жүргізілді. Оларға 400 млн. теңгеге жуық қаржы есеп-шоттарына аударылды. Ал келісімге келмеген 44 ны­сан­ның құжаты заңға сәйкес сотқа жол­данды. Ал 23-ке жуық аза­матпен келісім жұмыстары қайта жүріп жатыр. Келіспеген тұрғындар жаз­баша келіспейтіндіктерін берген соң, құжаттар сотқа жолданды. Сонымен қатар нысан иелері бағамен келіспейтіндіктен өз тараптарынан кез – келген лицен­зиясы бар   мекемеге ба­ғалау жасата алады. Нәтижесінде, екі тараптың бағалау нәтиежелері сотқа жолданып, заң талаптарына сәйкес шешіледі. Сонымен қатар, келіспеген тұрғындармен арнайы өтініштері бойынша жұмыс істеу үшін 2018 жылғы 14 желтоқ­сан­дағы №780 қала әкімінің өкімімен 28 адамнан құралған комиссия жұмыс атқаруда. Ол комиссия құрамында мемлекеттік қызмет­керлер және жергілікті үкіметтік емес ұйымдардың төрағалары мен мүшелері, депутаттар, прокуратура өкілдері де бар. Заңға сәйкес, мемлекеттің мұқ­тажы үшін жер қайтару жұ­мыстарына және бағалау жұмы­с­тарына келіспеген тұрғындармен бірнеше рет түсіндірме жұмыс­тары жүргізілді. Сонымен қатар, жер телім­дері мен жылжымайтын мүлік иелерінің арасында түсіндірме жұмысын жүргізу үшін және оларды тұрғын үй-жайлармен қамтамасыз ету жолдарын қа­растыру үшін арнайы 14 жұмыс­шы топ құрылған. Ол топтың құрамында қала әкімінің орын­басарлары, дербес бөлім бас­шы­лары мен мамандары, мемлекеттік коммуналдық мекеме басшылары мен қызметкерлері бар».

 

Үйлерінің бағасымен келіспегендер Түркістанның көркеюіне қарсы емес. Олар тек жалғыз үйлерінің құнын нарықтағы бағамен есептелуін талап етуде. Өз құқықтарын қорғау үшін Елордаға дейін барамыз деп бекініп отыр.

Естеріңізге сала кетейік, Түркістанда 168 нысанды бұзу жоспарланған. Олардың 154 – і тұрғын үй, 14-і коммерциялық нысан. Бүгінде мемлекет бір соттық жер теліміне 515 мың теңге, ал үйдің бір шаршы метріне 55 мың теңгеден 90 мыңға дейін қаржы бөлуде.

Шынар Оразова