Шымкентте 6 мыңға жуық дау медиация жолымен шешілген

225
inform.kz

Түркістан облысы мен Шымкент қаласында 6 мыңға тарта дау медиация жолымен шешілген. Бұл туралы «Тәжірибелі заңгерлердің ұлттық орталығы» республикалық қоғамдық бірлестігі өкілдері кәсіподақ басшыларымен өткен  үйлестіру кеңесінде мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Берік Бекжановтың қатысуымен өткен салалық отырыста еңбек дауларына қатысты бірқатар проблемалар көтерілді. Соның ішінде жұмыс беруші мен жұмысшының арасындағы дауларды татуласу жолымен шешу мәселесі айтылды.

Мәселен, «Тәжірибелі заңгерлердің ұлттық орталығы» мамандарының сөзінше, арыз-шағымдардың басым көпшілігі  ажырасу мен алимент төлеуге, еңбек даулары мен тонауға қатысты болған.

«Азаматтар түрлі мәселе бойынша жүгінеді. Жалақыны уақтылы төлемеу, келісімшартты бұзу сияқты проблемалар жиі туындайды. Мұндай жағдайда тараптар өздерінікі ғана дұрыс деп санайды. Кейде жұмыстан босатылған қызметкерлер мұндай шешімдермен  келіспейді», – дейді «Тәжірибелі заңгерлердің ұлттық орталығы» өкілдігінің басшысы Лаура Ақшегирова.

Тек өткен жылдың өзінде медиаторлар 20 еңбек дауын шешкен. Өндірісте орын алған дауларды азайту үшін «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Берік Бекжанов пен «Тәжірибелі заңгерлердің ұлттық орталығы» өкілдігінің басшысы Лаура Ақшегирова өзара ынтымақтастық туралы  меморандумға қол қойды.

Меморандумның басты мақсаты – Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақстан-2050» Стратегиясы, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Еңбек қоғамына қарай 20 қадам», «Ұлт жоспары – 100 нақты қадам» тапсырмаларын жүзеге асырумен дауларды реттеуде, соның ішінде медиацияны дамыту және дауды (жанжалдарды) шешудің басқа да баламалы әдістерін дамытуды реттеу.

«Медиаторларға жүгіну уақытты, қаржылық шығындарды үнемдеуге мүмкіндік береді. Психологиялық аспект те маңызды. Бүгін Медиацияны дамыту -сот ауыртпалығын болдырмау және халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру ғана емес, сонымен қатар «Ұлт жоспары – 100 нақты қадам» бағдарламасын жүзеге асыру тәсілдерінің бірі», – деп атап өтті Түркістан облысы мен Шымкент қаласы Кәсіподақ орталығының төрағасы Берік Бекжанов. Айта кетейік, бүгінде Шымкентте және Түркістан облысында 60 медиатор жұмыс істейді.