Соңғы үш жылда Шымкент қаласындағы сауда орындарында 46 өрт оқиғасы тіркелген

496

Соңғы үш жылда Шымкент қаласындағы сауда орындарында 46 өрт оқиғасы тіркелген. Бұл туралы Шымкент қаласы кәсіпкерлік палатасында өткен дөңгелек үстелде айтылды.

Төтеншеліктер жылдан-жылға өндіріс орындары мен сауда нүктелеріндегі оқыс жағдайлардың жиілеп отырғанына алаңдаулы. Салаға жауаптылар мұны мемлекеттік емес өртке қарсы қызметтің құрылмауымен байланыстырып отыр.

Төтеншеліктер кәсіпкерлерге мемлекеттік емес өртке қарсы қызметтің жүйесін тәптіштеп түсіндіріп берді. Сала мамандары өрт сөндіру қызметінен алшақ жатқан сауда орындары мен кәсіпорындарда арнайы өртке қарсы орталық іске қосылуы керек дейді. Алайда, осыдан 5 жыл бұрын белгіленген бұл талапты кей кәсіпкерлер әлі күнге ескерер емес.
Акзамхан Хамудов, «Өрт сөндіруші» АҚ Шымкент филиалының директоры: «Мемлекеттік емес өрт сөндіру қызметіне индустриалдық аймақтар да қырын қарап отыр. Бұл мәселені кәсіпкерлер де, әкімдіктегілер де көтермейді. Өрт сөндіру қызметін ондағы кәсіпкерлер бірлесіп, құрып, күтіп ұстауын бірге ұйымдастыру керек. Сонда тиімді болады».

Айта кетейік, соңғы үш жылда Шымкент қаласының аумағындағы өндірістік нысандар мен сауда орындарында 70-ке жуық өрт оқиғасы тіркелген. Оқыс оқиғалар кезінде 2 адам қайтыс болып, екі адам түрлі дене жарақаттарын алған. Өрт оқиғалары миллиондаған шығындар әкелген.

Бауыржан Ізбасаров, Шымкент қаласының ТЖД бөлім бастығы: «Үкімет Қаулысына сай өнеркәсіптік өндірістің барлық түріндегі ұйымдар мен кәсіпорындарда өрт және жарылыс қаупі бар ғимараттар сыртқы технологиялық қондырғылардың жалпы ауданы үш жарым мың шаршы метр және одан көп мемлекеттік өртке қарсы қызмет бөлімшелерінен үш шақырымнан астам қашықтықтағы нысандарда, сондай-ақ базардың сауда орындарының ауданы 3500 шаршы метрден және мемлекеттік өрт сөндіру қондырғылармен жабдықталмаса, онда өрт сөндіру автокөлігімен бірге мемлекеттік емес өртке қарсы қызметі құрылу қажет».

Төтеншеліктер соңғы үш жыл көлемінде өрт оқиғаларының әсіресе кәсіпкерлік нысандарда жиілеп отырғанына алаңдаулы. Көпшілік орындарындағы қауіпсіздік мәселесіне шенеуніктер бас ауыртпай отыр деп шағынған жауаптылар оқыс оқиғаларын алдын-алуда әкімдік өкілдері де атсалысса дейді.

Мақпал Рысбаева