Түркістандағы ойын-сауық орындарына түнде жұмыс істеуге тыйым салынды

448

Түркістандағы ойын-сауық отауы болып саналатын 40-қа жуық шағын мейрамханалар енді күнделікті түнгі сағат 23.00-де өз жұмысын тоқтатын болады. Бұл жөнінде қала әкімі Ә.Өсербаев жеке кәсіпкерлер мен учаскелік полициялардың қатысуымен өткен басқосуда мәлімдеді.

«Былтырғы жылдың қорытындысында қаламыздағы қоғамдық орындарда 451 қылмыс дерегі тіркелген. Оның ішінде, көшелерде 219 қылмыс жағдайлары түнгі мезгілде масаң күйдегі азаматтардың қатысуымен болғандығы анықталып отыр. Өзгенің тыныштығын бұзуға, кедергі келтіруге ешкімнің құқығы жоқ. Сондықтан осы мәселені ретке келтіру керек. Мысалы, «Эдем» кафесінде ағаштан жасалған екі қабатты жаздық орын бар. Егер ол сыр беріп, адам шығынына әкелмесіне кім кепіл», – деді Әліпбек Шәріпбекұлы.

Қала басшысы тиісті сала мамандарына мейрамханалардың құжаттарының заңдылығын тексеруді қатаң тапсырды. Сонымен бірге, ӘҚБтК-нің талаптарына мойынсұнғысы келмейтін кәсіпкерлерге заң аясында шара көрілетіндігін атап өтті.

Мәжілісте аталған қоғамдық мәселе төңірегінде қалалық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Г.Даханова жақын күндері жергілікті полиция қызметінің учаскелік инспекторларымен бірлескен іс-шара өткізілетіндігі жоспарланып отырғандығын айтты.

Ал, жергілікті полиция қызметінің бастығы, полиция майоры Б.Янкин мейрамханалардағы спирттік ішімдіктердің лицензиясының бар-жоғын, кәмелеттік жасқа толмағандарға сатылмауын қадағалау бойынша тексеру жұмыстары жүргізілетінін жеткізді.

yassy-tur.kz