Қолөнер шебері әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға көмектесуге дайын

1005

Жетпісті алқымдаған қолөнер шебері әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға көмектесуге дайын.

«Самал – 3» шағынауданында тұратын Жібек апа он саусағынан өнері тамған жан. Өзі тоқыған бұйымдары мен тіккен көрпе, жастығын жасыған аналарға беріп, демеу болмақ ниетте.

Жібек Орынбаева, қолөнер шебері

Жібек Орынбаева, қала тұрғыны: «Теледидардан өртте қаза болған балалар, отбасылар жайлы жайлы көріп жатырмыз. Әрине жүрегімізге жақын қабылдадық. Қазағым  қиындыққа тап болғандарды жалғыз қалдырмаған. Қолымыздан келгенше көмектесеміз».

Шымкентте «Сен жалғыз емессің» атты  бірегей қайырымдылық жобасы бастау алды. Игі бастама баспанасыз, тағдырдың тауқыметіне ұшыраған отбасыларға қолдау көрсету мақсатында қолға алынған. Жұмыла көтерген жүк жеңіл дегенді ұстанғандар қиындыққа тап болған жанұяларға жылылық сыйламақ ниетте. Осыны естіген шаңырақ өзгелерге үлгі болып, алғашқы қолдауын көрсетпек ниетте.

Жібек Орынбаева, қала тұрғыны: «Үшемдерге  мынадай бұйымдарды тоқып тарту етпекпіз.

Жібек апа тоқыған бұйымдар

Төлеби ауданындағы көпбалалы анаға көрпе тігіп сыйламақпыз. Қазақтың ою өрнегімен жасалған дүние  шаңырақтарына бақ-дәулет алып келетініне сенімдімін».

Ақ жауалықты, өнерлі ананың тілегі – елдің амандығы. Білгенін өзгеге үйретуге де дайын. Тігістің қыр – сырын меңгерген жан бала-шағасын аштан қалдырмасы анық деп отыр.

Шынар Оразова