«Ауылдың жағдайын сұрап тұрыңыздар…»

291

Алдын-ала бекітілген кестеге сәйкес, Ордабасы ауданына қарасты Жеңіс ауыл округінде аудан әкімінің міндетін уақытша атқарушы Ғ.Үсенбаев есепті жиын өткізді. Алдымен ауыл округінде атқарылған жұмыс барысын Жеңіс ауыл округі әкімінің міндетін уақытша қоса атқарушы С.Сарыбас баяндады, деп хабарлайды аудан әкімдігінің баспасөз қызметі.

2018 жылы Жеңіс ауыл округі бюджеті жалпы 59 млн. 302 мың теңгені құрап, жыл қорытындысымен бұл қаражат толық игерілген. Жеңіс ауылындағы 2 көшеге орташа жөндеу жұмысы жүргізілді. Сонымен қатар, ауылға 120,7 млн. теңге инвестиция тартылған.

С.Сарыбас 2019 жылға 136 электр бағаналары мен тозығы жеткен электр желілерін ауыстыру көзделгенін де атап өтті. Бұл жұмысты «Оңтүстік жарық транзит» ЖШС-гі арқылы жүзеге асыру жоспарланған. Ауыл мәдениет үйін күрделі жөндеуден өткізу де биылғы жылдың еншісінде екен. Сондай-ақ, ауыл округіндегі 7309 га суармалы жерлер толығымен игерілетінін, 100 басқа лайықталған мал бордақылау алаңы іске қосылатынын тілге тиек етті.

Аудан әкімінің міндетін уақытша атқарушы Ғ.Үсенбаев аудандағы тындырымды тірліктер жөнінде баяндама жасады. Ауыл тұрғындары өздерін мазалаған сұрақтарды ортаға салып, басшылардан жауап алды. Ауыз су сапасы, жайылымдық жер, жол мен жарық, табиғи газ мәселелері қозғалды. Тиісті бөлім басшылары көтерілген мәселелер бойынша түсінік беріп, кезең-кезеңімен барлығының оң шешімін табатынын жеткізді.

Басшылардың жұмысына оң баға берген Жеңіс ауыл округінің қариялары олардан ауылға жиі ат басын бұрып тұруын өтінді.