«Бірыңғай әлеуметтік терезе» көпбалалы аналарға қолдау көрсетеді

389
Бірыңғай әлеуметтік терезе жобасы іске қосылды

«Нұр Отан» партиясы республика көлемінде «Бірыңғай әлеуметтік терезе» жобасын іске қосты.

Партияның бұл игі бастамасын жергілікті жерлердегі филиалдар жүзеге асыруға кірісті. Бүгін Шымкент қалалық филиалы ғимаратының бірінші қабатында орналасқан арнайы бөлмеде сала мамандарымен бірге нұротандықтар көпбалалы аналарды, көмекке мұқтаж азаматтарды қабылдап жатыр.

Құжаттандыру, әлеуметтік көмек, баспанаға кезекке тұру, балабақшаға баласын орналастыру сияқты мәселелермен келген азаматшаларға осында кеңес беріліп, қолдау көрсетіледі. Айта кететін жәйт, көпбалалы аналарға мемлекет тарапынан  қосымша ақшалай көмек  тағайындалғанша, қалалық мәслихат депутаттары аса мұқтаж азаматтарға қол ұшын созатын болыпты.

Бахадыр Нарымбетов, «Нұр Отан» партиясының Шымкент қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары

Бахадыр Нарымбетов, «Нұр Отан» партиясы Шымкент қалалық филиалы төрағасының орынбасары: «Бірыңғай  әлеуметтік терезе» ашылғаннан бері 318 адам қабылдадық. Оларға әлеуметтік карта жасалды. Ол бойынша біз, «Жас Отан» жастар қанаты жұмыс атқарамыз. Көмекке мұқтаж  көпбалалы аналардың тұрмысын, қандай көмек қажет екендігін анықтап, қолдау көрсетуге ат салысамыз. Азаматтардың шағымдарының басым бөлігін жергілікті аудан әкімдіктерінде, халыққа қызмет көрсету орталықтарында шешуге болатыны да анықталып отыр. Өйткені, басым бөлігі бойынша бар заңдылықтарды түсіндіріп, әлеуметтік қолдау бойынша, баспана алуға қолданыстағы бағдарламалар  жайында сала мамандары айтып берсе болғаны, олар осы жерге келмейтін де еді. Жергілікті билік, мемлекеттік қызмет түрлерін көрсететін орындардың жұмысын  халыққа қол жетімді жасау бағытында үйлестіру жұмысын «Нұр Отан» партиясы өз міндетіне алады. Бізге  түскен арыздардың барлығы  тіркеліп, шара көрілгенше   бақылауда болады».

Елена Зацепина құжаттарын ұрлатып алған

Нұротандықтардан көмек сұраған Елена Зацепинаның әлеуметтік картасы толтырылды. Баспанасыз әйелге ең бастысы жеке басын куәландыратын құжат жасауға көмек көрсетілетін болды. Өйткені, жеке куәлігі болмаса, зейнетақы  тағайындау  және   денсаулығына қатысты мүгедектігі бойынша жәрдемақы алу мүмкіндігі болмайтыны қабылдау барысында түсіндірілді.

4 баланың анасы Қазына Оразқұлова көмекке мұқтаж. Туысының үйінде тұратын жалғызбасты анаға қалалық мәслихаттың депутаты көмектесетін болды.

Шынар Оразова