Шымкент қаласының әкімі Әбдірахымовтың 2018 жылы атқарылған жұмыстар жөніндегі есебінің ТЕЗИСТЕРІ жарияланды

588
shymkent.gov.kz

Қазақстан Республикасы Президентінің 2016 жылғы 5 ақпандағы «Орталық атқарушы органдар басшыларының, әкімдердің, ұлттық жоғарғы оқу орындары ректорларының халыққа есеп беру кездесулерін өткізу туралы» № 190 Жарлығына сәйкес, барлық деңгейдегі әкімдер халық алдында есеп береді.

Есептің мақсаты – жергілікті атқарушы органдар жұмысының ашықтығын көрсетіп, халық пен биліктің арасын жақындата түсу.
Кездесулер барысында тұрғындар тарапынан берілген сұрақтар мен ұсыныстар жергілікті атқарушы органдар жұмысының бір жыл көлеміндегі бағыт-бағдарын айқындауға негіз болады.

Мәселен, қала әкімінің 2018 жылғы 7 ақпанда тұрғындармен кездесуі барысында 174 сұрақ пен ұсыныс келіп түскен. Оларды іске асыру мақсатында іс-шаралар жоспары түзіліп, орындалуы бақылауға алынған.

Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде сұрақ пен ұсыныстың 113-і шешімін тауып, 61-і тұрақты бақылауға алынды.

2018 – Шымкент қаласы үшін тарихи маңызды шешім қабылданған жыл

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың 2018 жылғы 19 маусымдағы №702 Жарлығымен Шымкент қаласы республикалық маңызы бар қалалар санатына қосылды.

Қала статусының өзгеруіне байланысты негізгі күш әкімшілік-ұйымдастыру жұмыстарына бағытталды.
Қалалық әкімдіктің басқару құрылымына өзгерістер енгізіліп, штаттық лимиті бекітілді. Штат саны 509-дан 721-ге көбейтілді.
Әкімдіктің 15 салалық бөлімдері қайта құрылымдалып, басқарма болып өзгертілді және жаңадан 8 басқарма құрылды.
Түркістан облысы мен Шымкент қаласы арасында нысандарды бөлу балансы жасалып, 99 нысан қаланың коммуналдық меншігіне қабылданды.
Елбасы «Республикалық маңызы бар мәртебе берілген соң, Шымкент одан әрі өркендей түседі. Шымкент инвестициялар, технологиялар және интеллектуалдық ресурстарды біздің елге ғана емес, тұтас Орталық Азия аймағына тартатын жаңа орталық болады. Бұған қажет барлық шарттар мен әлеует бар», – деп атап өткен болатын.

Бұл – жергілікті билік үшін де, қала тұрғындары үшін де үлкен жауапкершілік

Біздің күнделікті тұрмыс тіршілік пен мәдениетімізде үлгі болатындай дәрежеге жету қажет.
Басты міндет – халыққа жағымды жағдай жасау, қаланы тұрғындарға және қонақтарға ыңғайлы, қауіпсіз болуын қамтамасыз ету.
Осы ретте қалада атқарылған жұмыстарды көрсеткіштермен өлшейтін болсақ, өнеркәсіп, шағын және орта кәсіпкерлік, құрылыс салаларын қарқынды өсім динамикасын көрсетті. Жалпы экономикалық өсімаралық талдауға сәйкес 7,6 пайызға өсіп, жалпы өңірлік өнім көлемі 1,3 трлн теңгеден асты. Экономика салаларының жандануы қаланың инвестициялық белсенділігінің артуына және жұмыссыздық деңгейінің төмендеуіне айтарлықтай әсер етті.
Мәселен, 2018 жылы қала экономикасына 582,1 млрд теңге инвестиция тартылып, бұл көрсеткіш бойынша Шымкент республикада бірінші орынға шықты. 17 367 жаңа жұмыс орындары ашылып, жұмыссыздық деңгейі 5,2 пайыздан 5,1 пайызға төмендеді.

Өнеркәсіп

Көптеген кәсіпорындардың өндіріс қарқынының өсуі, жаңа қуаттардың енгізілуі және технологиялық процесті модернизациялау өнеркәсіптік сектордың орнықты дамуына ықпал етті.
2018 жылдың қорытындысымен өнеркәсіп өнімінің көлемі 476,7 млрд теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңінен 4,5%-ға артты.
Өнеркәсіп саласында үлесі 83,7% құрайтын өңдеу өнеркәсібінде 399,2 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, өнім көлемі 4,9%-ға артты.
Өткен жылмен салыстырғанда өңдеу өнеркәсібіндегі бірқатар салаларда өсім байқалады. Атап айтқанда, жеңіл өнеркәсібі 24,7%-ға, мұнай өңдеу өнімдерін өндіру 3,6%-ға, химия өнеркәсібі 31,8%-ға, фармацевтикалық өнімдерді өндіру 1,4%-ға, резеңке және пластмасса бұйымдарын өндіру 6,0%-ға, металлургия өнеркәсібі 64,2%-ға, өзге металл емес минералдық өнімдерді өндіру 7,0%-ға өскен.
2018 жылы индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының өңірлік кәсіпкерлікті қолдау картасы аясында 9,7 млрд теңгені құрайтын 9 жоба іске қосылып, жаңа 635 жұмыс орны ашылды.
Сонымен қатар, республикалық индустрияландыру картасының аясында «ПетроҚазақстан Ойл Продактс» ЖШС-н жаңғырту және қайта құру жұмыстары аяқталды.
Оның ішінде қала үшін аса маңызды және ірі жобалар:
І. «ПетроҚазақстан Ойл Продактс» ЖШС-нің зауытты жаңғырту жобасы. Инвестиция көлемі 580 млрд теңгені құрайды. Жобаны іске асыру аясында Евро-4, Евро-5 халықаралық экологиялық класына сәйкес келетін мұнай өнімдерін шығаратын қондырғы іске қосылды.
ІІ. «Shymkent Temir» ЖШС – болат өндіру зауыты. Аталған кәсіпорынның өнімдері Өзбекстан және Орталық Азия елдеріне экспортталады. Жобаның құны 5,9 млрд теңгені құрайды, 440 адам жаңа жұмыс орындарымен қамтылған.

Индустриялды аймақтар

Шымкент қаласының инвестициялық ахуалын және әлеуетін арттыру, шағын және орта бизнесті дамыту үшін қолайлы жағдай жасау мақсатында қала аумағында екі индустриалды аймақтар және «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағы жұмыс істеуде. Онда жеңіл өнеркәсіп, металлургия, химия, фармацевтика салаларының өнімдері, құрылыс материалдары өндіріледі.
Қаланың индустриалды аймақтарында 114,3 млрд теңгеге 117 жобаны іске асырып, 7 мыңнан астам жұмыс орнын құру жоспарлануда.
Бүгінге аймақтарда іске асырылған жобалар саны 63-ке жетіп, 41,9 млрд теңге инвестиция тартылды және 4 мыңнан астам жұмыс орны ашылды.
2018 жылы 11,5 млрд. теңгені құрайтын 9 жоба іске қосылып, жаңа 820 жұмыс орындары ашылды.
«Оңтүстік» индустриалды аймағында 73,3 млрд теңгені құрайтын, 5 мыңнан аса жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін 89 жоба жүзеге асырылуда. Қазіргі таңда жалпы құны 38,6 млрд теңгені құрайтын 55 жоба іске қосылып, 4 мыңнан аса жұмыс орындары ашылды. Оның ішінде, 2018 жылы 10,1 млрд теңгені құрайтын 6 жоба іске қосылып, жаңа 690 жұмыс орны құрылды.
«Тассай» индустриалды аймағында жалпы құны 41,0 млрд теңгені құрайтын 1531 жұмыс орынын ашуға мүмкіндік беретін 28 жоба іске асырылуда. Бүгінде 3,2 млрд теңгені құрайтын, 300-ден аса жаңа жұмыс орнымен 8 жоба іске қосылды. Оның ішінде 2018 жылы 1,4 млрд теңгені құрайтын 3 жоба, 130 жаңа жұмыс орны.

«Оңтүстік» АЭА

Бүгінгі таңда «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймақта құны 28,4 млрд теңгені құрайтын, 1 346 жұмыс орындармен 12 жоба іске қосылды. Оның ішінде, 2018 жылы жалпы инвестиция құны 568 млн теңгені құрайтын 2 жоба: «Tumar Тextile» ЖШС – сүлгілер мен монша халаттарын тігу өндірісі (164 млн теңге) және «LuxShoes» ЖШС – аяқ-киім өндірісі (404 млн теңге).
2018 жылы әлеуетті инвесторлармен және іскерлік делегациялармен 49 кездесу өткізілді, оның ішінде шетелдік компаниялармен 20 кездесу өтті.
Кездесу нәтижесінде, 6 инвестормен жалпы сомасы 12,8 млрд теңгені құрайтын, 400-ге жуық жұмыс орнын қарастыратын келісімдерге қол жеткізілді.
Инвестициялық алаңды халықаралық деңгейде ілгерілету жұмыстары аясында Басқарушы компанияның маңызды оқиғаларының бірі Дүниежүзілік Арнайы Экономикалық Аймақтар Ұйымының Орталық Азиядағы өңірлік өкілі мәртебесі үшін байқауда жеңіске жетуі болды.
Бұл мәртебе әлемнің жетекші экономикалық аймақтарымен ынтымақтастық орнатуға және инвестицияларды тарту мен АЭА дамыту саласында озық зерттеулерге қол жеткізуге мүмкіндік береді.
«Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағы 2018 жылы «FDi Magazine» халықаралық журналының рейтингіне еніп, әлемдегі үздік арнайы экономикалық аймағының бірі болып белгіленді.

Кәсіпкерлік

Кәсіпкерлік саласында жұмыс істеп тұрған субъектілер саны 58,1 мың бірлікке жетіп, онда 142 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылған. Олар есепті кезеңде 524,3 млрд теңгенің өнімін өндіріп, 8,3%-ға артты.
«Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында 2,8 млрд теңгеге 236 жобаға қолдау көрсетілді. Оның ішінде:
1) Банк несиелері бойынша пайыздық мөлшерлемені субсидиялау қолдау құралы бойынша 201 жобаға 2 680,1 млн теңгеге субсидия төленген.
2) Банк несиелерін ішінара кепілдендіру бойынша 24 кәсіпкердің несиелері бойынша 89,8 млн теңгеге кепілдендірілген.
3) Шағын кәсіпкерлік субъектілеріне мемлекеттік гранттар беру бағыты бойынша 33,0 млн теңгеге 11 жоба мақұлданған.
Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасын тиімді іске асыру мақсатында әкімдік тарапынан «Атамекен» Кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп қалада «Атамекен-Шымкент» микроқаржы ұйымы құрылды.

Сауда

Бөлшек сауда көлемі 335 млрд теңгені құрап, 5,7%-ға артты.
Қалада сауда алаңы 2 000 шаршы метрден жоғары сауда нысандардың санын арттыру мақсатында 2018 жылы жалпы құны 4,9 млрд теңгені құрайтын 3 ірі сауда нысандарының құрылысы аяқталды («Nauryz Park» сауда-ойын-сауық орталығы, «Gra Mad» гипермаркеті және «Гипер Хаус» сауда орталығы – ІІ кезеңі).
Қала базарларының инфрақұрылымын жаңғырту мақсатында 2018 жылы «Ақбар» және «Шымкент Тұлпар» (2 кезең) базарларында қайта құрылымдау жұмыстары аяқталды.
Электрондық коммерция бағытын дамыту мақсатында өңірлік Кәсіпкерлер палатасы базасында кәсіпкерлердің цифрлық және қаржылық біліктіліктері және электрондық саудада бизнестің құзыретін арттыру бойынша 2018 жылы 425 адам оқытылды.
2018 жылдың қорытындысы бойынша 7 интернет-дүкен ашылды.
Шымкент қаласы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті тарапынан кәсіпкерлікті көлеңкелі бизнестен шығару мақсатында, Шымкент қаласындағы 5 ірі сауда орталығы мен 2 базар басшыларымен онлайн бақылау-касса машиналардың қолдануын енгізу бойынша меморандум түзілді.
Сондай-ақ, аталған онлайн БКМ қолдану бойынша салық төлеушілер арасында жаппай түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.

Бағаны тұрақтандыру

Шымкент қаласында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының (19 тауар түрінің) бағаларын тұрақтандыру бойынша жұмыстар тұрақты жүргізілуде.
Бағаны негізсіз өсуіне жол бермеу мақсатында 26 ірі сауда нысан басшыларымен өзара түсіністік меморандумдарына қол қойылды.
Сонымен қатар, қала аумағында тұрақты негізде жәрмеңке өткізілуде. Есепті жылы жергілікті тауар өндіруші, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруші шаруа қожалықтары мен көтерме сауда қызметімен айналушы кәсіпкерлердің қатысуымен 200 жәрмеңке өткізілді.

Ауыл шаруашылығы

Ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 25,3 млрд теңгені құрады.
«Агробизнес – 2020» бағдарламасы аясында 2018 жылы 1,4 млрд. теңге субсидия бөлініп, 100-ден астам ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне қолдау көрсетілді. Оның ішінде инвестциялық субсидиялау бағытында 668 млн теңге қаржы бөлініп, жыл барысында іске асырылған жобаларға қолдау көрсетілді.
Қалада 10 мың гектар суармалы жерлер бар. 2018 жылы суармалы жерлердің 95% игерілді (9,5 мың гектар).
2018 жылы қалпына келтіруді қажет ететін 28 шақырымдық
9 су нысандарына жөндеу жұмыстары жүргізіліп, 300 га жерді ағын сумен қамтамасыз ету жақсарды.
Сыйымдылығы 1,2 млн текше метрлік екі су қоймаларын қабылдау жұмыстары жүргізілді.
2018 жылы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерге жүргізілген түгендеу жұмыстарының нәтижесінде 165 га (оның ішінде жалпы егістік – 162 га, жайылым 3 га), жер өз мақсаты бойынша пайдаланылмай жатқаны анықталып, 29,3 га жер мемлекет меншігіне қайтарылды.
Ауыл шаруашылығы дақылдары өткен жылдан 1,5 мың гектарға артып, 28,7 мың га алқапқа орналастырылды.
Негізгі дақылдардың егіс көлемі дәнді дақылдар – 11,8 мың га, мақсары – 5,4 мың га, көкөніс – 2,8 мың га, бақша – 0,1 мың га, картоп – 0,6 мың га құрады.
2018 жылы орташа есеппен 11,9 мың тонна дәнді дақылдар, 40 мың тонна – көкөніс, 1,5 мың тонна – бақша, 9 мың тонна картоп жиналды.
2018 жылы 115 гектар интенсивті бау отырғызылды (“Алма бау бақшалары” АӨК – 50,0 га, “Оңтүстік бау бақшалары” АӨК–50,0 га, “Керемет-Сапа” ЖШС – 15,0 га).
Тамшылатып суару әдісі қосымша 300 га ендіріліп, жалпы көлемі 1680 га құрады.
Жылыжайлар қосымша 9 га салынып, жалпы ауданы 168 га жетті. Осы жылыжайлар есебінен шамамен 15 мың тонна көкөніс өнімі жиналды.
Сонымен қатар, соңғы үш жылда жерді жаңа әдіспен пайдалану жұмыстары жүргізілуде. Ағымдағы жылы терең қопсыту технологиясы 4,5 мың гектарға енгізілді.

Мал шаруашылығы

Қалада 11,3 мың тонна ет, 45,2 мың тонна сүт, 158,2 млн дана жұмыртқа өндірілді.
2018 жылы қосымша 47 бірлік шағын мал бордақылау алаңдары (2017ж – 46), 36 бірлік шағын жанұялық сүт фермалары ашылды (2017ж – 34).
Қалада Үкімет тарапынан қабылданған бағдарламалар нәтижелі іске асырылуда.
«Сыбаға» бағдарламасымен 123 бас аналық сатып алынып, тұқымдық түрлендіруге 1292 бас аналық ІҚМ қатысуда, жалпы аналық басқа шаққандағы үлесі 3,7% жетті.
«Алтын асық» бағдарламасымен 518 бас уақ мал сатып алынып, тұқымдық түрлендіруге 2,5 мың бас аналық қатысуда, жалпы аналық басқа шаққандағы үлесі 2,3% жетті.
«Құлан» бағдарламасы аясында 110 бас жылқы алынды.
Бүгінгі күні қалада ұсақ шаруашылықтарды біріктіретін 58 кооператив бар.

Инвестиция

Қала экономикасына бағытталған инвестиция 582,1 млрд теңгені құрап, 2,5 есеге артты.
Инвестиция көлемінің өсімі мұнай өңдеу зауытын жаңғырту есебінен орын алды.
Өңірде Польшаның «Polpharmagroup», Оңтүстік Кореяның «LОТТЕ», ресейлік «ФАРМАСИНТЕЗ», германиялық «Heidelberg Cement Group», Түркияның «Картал Хали» және басқа да ірі шетелдік компаниялар белсенді жұмыс істеуде.
2018 жылы құны 38,8 млн АҚШ долларын құрайтын 2 шетелдік инвесторларға қолдау көрсетілді. Атап айтқанда, аймақтық үйлестіру кеңесінің шешімімен өзбекстандық «Dentafill» дәрілік және гигиеналық құралдар шығаратын кәсіпорнына «Тассай» ИА аумағынан 1 га жер телімі бөлінді.
Сонымен қатар, қытайлық «Xian Yang Textiles Group» компаниясы «Оңтүстік» АЭА-мен тоқыма фабрикасын (мақтадан жіп өндірісі) құру бойынша меморандумға қол қойып, резервтен жер белгіленді.
Шетелдік инвесторларды тарту, инвесторларға қаланың инвестициялық әлеуеті және мемлекеттік қолдау шараларымен таныстыру мақсатында 2018 жылдың 8 желтоқсанында Шымкент қаласында «Shymkent Development 2018» халықаралық инвестициялық форум ұйымдастырылды.
Аталған форумға әлемнің 20 мемлекетінен 100-ден астам, қазақстандық 300 делегат қатысты. Форумда құны 200 млн АҚШ долларын құрайтын 11 меморандумға қол қойылды.
Форум аясында Инвесторлар кеңесінің бірінші отырысы өткізілді.

Құрылыс

Қалада құрылыс жұмыстарының көлемі 225,8 млрд теңгені құрап, 2 есеге артты.
1 жыл ішінде 439,2 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, көлемі 9,1%-ға артты. Оның ішінде:
– жеке тұрғын үйлер есебінен – 205,2 мың ш.м. (1101 пәтер),
– арендалы-коммуналдық үйлер – 51,3 мың ш.м. (864 пәтер),
– кредиттік үйлер – 16,2 мың ш.м. (246 пәтер),
– коммерциялық үйлер – 166,5 мың ш.м. (1718 пәтер).
«7-20-25» бағдарламасын халыққа кеңінен насихаттау мақсатында «Халықтық кеңседе» арнайы «Ақпараттандыру орталығы» ашылған. Ол жерде екінші деңгейлі банк, құрылыс компанияларының және «Баспана» ИҰ» АҚ өкілдері күнделікті түсіндірме жұмыстарын жүргізуде.
Бүгінгі күнге 2,4 млрд теңгеге 242 өтінім қабылданып, оның ішінде 114 өтінім 1,1 млрд теңгеге қанағаттандырылды.
Тұрғын үй құрылысын қарқынды жүргізу үшін «Шымкент сити» жобасының құрылысы жалғасуда.
Қазіргі таңда, «Highvill» – 51 га, «BI group» компанияларына 5 га жер телімдері белгіленді.
Бюджет қаржысы есебінен 2 338 пәтерлі 39 тұрғын үйдің, 1200 орындық мектеп, жылу қазандығы, 14 шақырымды құрайтын 7 көше және инженерлік-коммуникациялық жүйелердің құрылысы жүргізілуде.
Сонымен қатар 2018 жылы 540 пәтерлі 10 арендалық және 192 пәтерлі 4 кредиттік үйлер пайдалануға берілді.

Құрылыс сапасын бақылау

Шымкент қаласында салынып жатқан нысандардың сапасын бақылауды күшейту мақсатында «Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының талаптарын бұзғаны үшін ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің талаптарына сәйкес 145 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 34,1 млн теңгеге айыппұл салынды.
Сондай-ақ, 38 адамға бұзушылықтарды жою үшін нұсқама берілді.
Лицензия алу, оларға қосымшалар мен қайта ресімдеу бойынша 62 өтініш қаралды.
Өз еркімен құрылыс жүргізгені үшін Азаматтық кодекстің 244-бабына сәйкес 8 адамға қатысты шаралар қабылданып, сот органдарына қарау үшін жолданды. Сонымен қатар, 1 нысан сот шешімі негізінде мәжбүрлі түрде бұзылды.

Автокөлік жолдары

Шымкент қаласының автокөлік жолдарының жалпы ұзындығы 2 976,6 шақырымды құрайды.
Оның ішінде:
асфальтты жабынды – 1675,3 шақырым (56,3%);
тасжол – 1189,8 шақырым (40,0%);
топырақ жол – 111,5 шақырым (3,7 %).
2018 жылы саланы дамыту үшін құрылыс жөндеу жұмыстарымен 226,6 шақырымды құрайтын 122 нысан, 4 көпір және 1 жол өткелі қамтылды. Оның ішінде Түркістан бағытында тасжол жүрісін жеңілдету үшін жол өткелі пайдалануға берілді.
Жыл қорытындысы бойынша қаланың жақсы және қанағаттанарлық күйдегі көшелердің үлесі 53,7%-ға жеткізілді.

Қоғамдық көлік саласы

2018 жылы Шымкент қаласында қоғамдық жолаушылар тасымалдау саласында 27 көлік компаниясы 79 бағытта 1 123 көлік құралдарымен жолаушыларға қызмет көрсетті.
Қалалық тасымалдаушылар жалпы 80 жаңа автобус сатып алды. Жаңа автобустар әлеуметтік маңызы бар бағыттарында қызмет көрсетуде.
Сонымен қатар, қалалық бағыттардағы автобустарды жаңарту механизмі жасалды. Аталған механизмге сәйкес, «Shymkent» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы оператор болып анықталып, бірінші кезекте отандық 300 автобус алып, жалпы 1000 автобусқа жеткізу көзделуде. Бұл өз кезегінде қызмет сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында, Шымкент қаласы бойынша жол картасы әзірленген. Аталған жол картасына сәйкес 2 жоба енгізілген:
1. Қалалық қоғамдық көліктерге электронды билет жүйесін енгізу;
2. Шымкент қаласында Smart-тұрақтар жүйесін енгізу.
Шымкент қаласындағы қоғамдық көліктерге электронды билет жүйесін енгізу жұмыстары атқарылуда, жүйені 2019 жылдың соңына дейін барлық қалалық бағыттарда енгізу жоспарлануда. Аталған жобаны енгізу арқылы жолаушыларға қолайлы жағдайлар жасалады, тасымалдаушылардың табыстарының ашықтығын көрсетеді және бюджетке төленетін салық төлемдері артатын болады.
Шымкент қаласындағы экологиялық ахуалды жақсарту, тұрақ орындарының қолжетімділігін арттыру және жол қозғалысына қатысушылар үшін қолайлы жағдайлар жасау мақсатында «Smart-түрақ (парковка)» пилоттық жобасы жүзеге асырылуда. Жобаны іске асыру үшін «Shymkent» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы тарапынан «Шымкент паркинг» ЖШС құрылып, жобаны іске қосуға жауапты мекеме болып белгіленген. Бүгінгі күнде алдағы міндеттер анықталып, паспорттауға қойылатын талаптар белгіленуде және тұрақтар орналасатын орындарды келісімдеу бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Мәдениет саласы

2018 жылы 10 ресми мерекелік, 160-дан аса мәдени-көпшілік іс-шаралар мен Қазақстан эстрада жұлдыздарының қатысуымен концерттік бағдарламалар (оның ішінде:«Алғыс айту күні», Наурыз мерекесі аясында 20-ға жуық іс-шаралар мен қалалық акциялар («Жайна Шым 2018» мерекелік фестивалі, «With love from Shymkent» – қалалық акция, «Наурыз-айтыс», «Nauryz Zhastar Fest» фестивалі, «Ashyq Aspan» аэронавтика фестивалі, Ташкент /мәре/ – Шымкент /сөре/ бағытында велошеру, ретро-көліктер көрмесі, жас келіншектердің шеруі, «Shymkent Throwdown – 2018» спорттық жарыстары, т.б.), «Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне» орай митинг, Шымкент республикалық маңызы бар үшінші қала атануына арналған мерекелік іс-шаралар, т.б.) өткізілді.
Қаладағы мәдениет үйлерінде 2018 жылы 40 мыңнан аса көрермендерді қамтыған 96 мәдени іс-шаралар мен концерттік бағдарламалар ұйымдастырылды. Мәдениет үйлеріндегі жұмыс істейтін мәдени және спорттық бағыттағы 19 үйірмеге 270 жасөспірім мен жастар тартылған.
Қалада Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ, орыс, өзбек драма театрлары, әзіл-сықақ және сатира, қуыршақ театрлары қызмет атқарады.
2018 жылы 5 театрда 207,5 мың көрермен қамтылған 28 премьера, 1 567 қойылым қойылды.
Қалалық саяси қуғын-сүргін құрбандары музейінде 2018 жылы 53 лекция оқылған, 29 іс-шара, 478 экскурсия, 31 тұрақты көрме, 21 көшпелі көрме өткізілді. Жинақталған жәдігерлер саны – 16 559, электронды форматқа енгізілген экспонат саны – 753.
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында «Туған жер» жобасы бойынша 5 іс-шара өткізіліп, 840 адам қамтылды.
21 ғылыми-ағартушылық және көпшілік (ашық есік күндері, деректі фильмдер көрсетілімі, еске алу күндері, лекция-сабақтар, дөңгелек үстелдер, семинарлар, фотокөрме, акциялар) және 20-дан аса ғылыми-экспозициялық жұмыстар ұйымдастырылды.
Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығы рухани-мәдени тақырыпты қамтыған 38 іс-шара ұйымдастырып, 9 450 адам қамтылды.
Көрме орталығында 43 іс-шара ұйымдастырылып өтті, оған 38 675 адам қамтылды.
Цирк мекемесінде қойылған 41 қойылымды 103 мың көрермен тамашалаған. Гастрольдік іс-сапар барысында қойған 60 қойылымды 12 мың көрермен тамашалады.

Тілдерді дамыту

2018 жылдың қорытындысымен мемлекеттік тілді меңгерген ересек тұрғындардың саны – 581 042 адам (90,7%), орыс тілін меңгерген ересек тұрғындардың саны – 528 960 адам (82,9 %), ағылшын тілін меңгерген халық саны – 211 100 адам (23,7 %).
Қалалық тілдерді оқыту орталығында 1805 адам біліктілігін арттырды. Оның ішінде 1342 – қазақ ұлтының, 214 – орыс ұлтының, 249 – өзге этнос өкілдері.

Спорт

2018 жылдың қорытындысы бойынша қалада дене шынықтыру және спортпен тұрақты түрде шұғылданушылар саны 276,2 мың адамды құрап, қаладағы барлық жастағы халықтың спортпен қамтылуы 27,3% құрады.
2018 жылы қала аумағында 280 спорттық іс-шаралар өткізіліп, оған 60 мыңнан астам адам қатысты.
Халықты дене шынықтырумен шұғылдануға жұмылдыру және спорттық инфрақұрылымды кеңейту, бұқаралық спортты тиісті деңгейде дамыту мақсатында қалада мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетігі арқылы бірқатар спорт нысандарының құрылысы жүргізілуде.
Олар:
– Шымкент қаласы, Жиделі және Қазығұрт шағынаудандарында спорт ангарының құрылысы жүргізіліп, пайдалануға берілді.
Жеке кәсіпкерлердің бастамасымен 2 жоба мемлекеттік-жекеменшік әріптестік бойынша жұмыстарын бастады. Атап айтсақ:
– Жекпе-жек және күштік спорт түрлері бойынша (дзюдо, каратэ-до, кикбоксинг, еркін күресі, грек-рим күресі, альпинизм және футбол) жаттығу үрдісін ұйымдастыру және сервистік қызмет көрсету.
– Ату алаңында жаттығу (қабырғаға оқ ату және оқ ату) үрдісін ұйымдастыру және сервистік қызмет көрсету.
2018 жылы қала спортшылары спорттың 61 түрі бойынша Қазақстан Республикасының чемпионаттары, кубоктары мен біріншіліктеріне қатысып, 361 алтын, 258 күміс, 311 қола медаль жеңіп алды.
Жыл басынан бері өткен Азия чемпионаттары мен кубоктарында қала спортшылары 22 алтын, 14 күміс және 25 қола медальге қол жеткізсе, осы уақыт арасында Әлем чемпионаттары мен кубоктарында қала спортшылары 17 алтын, 16 күміс және 21 қола медальге ие болды.
Есепті жылы 11 халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 42 Қазақстан Республикасының спорт шебері, 138 спорт шеберіне үміткер спортшылар дайындалды.

Туризм саласы

Бүгінгі таңда Шымкент қаласында инвестиция көлемі 3,6 млрд теңгені құрайтын 3 жоба жүзеге асырылып, жаңа жобалар бойынша 140 жұмыс орындары ашылды. Олар:
1. «Шымкент Гавайи» (1,2 млрд теңге) ойын-сауық су кешені (45 жұмыс орны).
2. «Fm Shymkent» (0,4 млрд теңге) қонақ үйі (25 жұмыс орны).
3. «City Hotel» (2,0 млрд теңге) қонақ үйі (80 жұмыс орны).
«Kazakh Tourism» Ұлттық компаниясымен бірге «Шымкент қаласының және Түркістан облысының туризмін дамыту болашағы» тақырыбында дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Кездесуге Шымкент қаласы және Түркістан облысының туризм басқармалары, «Ontustik Tourism Center» туристік ақпарат орталығы», Азия даму банкі, «Қазавтожол» ҰК» АҚ, қоғамдық ұйымдар мен туризм саласындағы бизнес өкілдері шақырылды.
Туризм саласын дамыту мақсатында 2018 жылдың 15-17 қазаны аралығында Қытайдың Хунань провинциясы Чжанцзяцзе қаласында өткен Жібек жолы бизнес-көшбасшыларының Саммиті өтті. Саммиттің қорытындысына сәйкес ынтымақтастық меморандумына қол қойылды.
Шымкент қаласының туристік кластерін және инфрақұрылымын дамыту мақсатында 2018 жылдың 1 желтоқсанында Бейбітшілік көшесі бойында Арбат мәдени-туристік демалыс орны пайдалануға берілді.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Шымкент қаласы бойынша үлкен экскурсия» кітабі жарық көрді. Кітапта қаламыздың тарихы, мәдени көрнекі жерлері, мәдениеті, салт-дәстүрі, қаланың құрылу кезеңімен қазіргі таңға дейінгі жағдайы, үлкен туристік нысандар түсініктемесі қамтылған.
2018 жылдың 28 желтоқсанында Шымкент қаласының әуежайында Шымкент және БАӘ еліне тікелей қатынайтын жаңа әуе бағыты ашылды. Шымкент және Дубай бағыттары бойынша ұшақ аптасына екі рет қатынайтын болады.
2018 жылдың 8 желтоқсанында Шымкент қаласында алғашқы Shymkent Development-2018 халықаралық инвестициялық форумы өтті.
Аталған Форумға инвестиция тарту саласының жетекші сарапшылары, министрліктердің және өзге де мемлекеттік органдардың, қаржы институттары мен білім беру мекемелерінің өкілдері, Германия, Дания, Ресей, Испания, Оңтүстік Корея, БАӘ сынды алыс және жақын шетелдердің белгілі компанияларының басшылары қатысты.

Сыртқы экономикалық байланыс

Шымкент қаласы әкімдігі мен Қазақстан Республикасындағы Қытай Халық Республикасының, Қазақстан Республикасындағы Корея Республикасының, Қазақстан Республикасындағы Литва Республикасының, Қазақстан Республикасындағы Оңтүстік Африка, Америка Құрама Штаттарының, Қазақстан Республикасындағы Кувейт Мемлекетінің Төтенше және Өкілетті Елшілерімен және Дүниежүзілік банктің Қазақстан Республикасындағы тұрақты өкілімен кездесулер өтті.
2018 жылдың 15 қарашасында Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы арасындағы өңіраралық ынтымақтастықтың бірінші форумы Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары А.У.Мамин және Өзбекстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары А.Ж.Раматовтың төрағалығымен өтті.
Форумның пленарлық мәжілісінің соңында Қорытынды декларация мен 11 өңіраралық құжатқа және 2 коммерциялық құжат – Өзбекстан Республикасының аумағы арқылы табиғи газды тасымалдау келісім-шартына №2 қосымша келісім және «ҚТЖ Экспресс» пен Өзбекстан Республикасының автомобиль көлігі жөніндегі агенттігі арасындағы автомобиль көлігі саласында бірлескен кәсіпорын құру туралы» келісімге қол қойылды.

Денсаулық сақтау

Қала меншігіне 36 денсаулық сақтау нысандары өтіп, халыққа медициналық қызмет көрсетуде. Олардың ішінде 15 ауруханалық ұйымдар, 14 амбулаторлық-емханалық ұйымдар, 7 басқа да ұйымдар бар. Ауруханалық ұйымдардың төсек-орын қоры 3 205 төсек орынды (төсек орынмен қамтамасыз етілу көрсеткіші – 31,7%) құрады.
Қала тұрғындарына барлығы 3 018 дәрігер медициналық қызмет көрсетеді. Орта буын медициналық қызметкерлерінің саны – 7692. Қаланың медициналық ұйымдарының медициналық техникамен жабдықталу көрсеткіші 72,9 пайызды құрады.
Мемлекеттік-жекеменшік серіктестігінің тетігі бойынша Қайтпас шағынауданында ауысымына 500 адам қабылдайтын емхана құрылысы жүргізілуде және 3 емхананың жобалау-сметалық құжаттамалары әзірленуде.
Жыл басынан 18 бүйрек алмастыру (2017 ж – 16), 4 бауыр алмастыру (2017 ж – 5) оталары жасалды.
Денсаулық сақтау ұйымдарында «Даму Мед», «Жарқын Болашақ» және «Көмек» медициналық ақпараттық жүйелері орнатылып, жұмыс жасауда. Интернет желісімен қаланың медицина ұйымдары 100% қамтылған. Бүгінгі күнге 7 158 жұмыс орнының 71% компьютерлік техникамен қамтылған, компьютерлік техникалармен 2019 жылы толық қамтамасыз етіліп, бұл көрсеткіш 100 пайызға жеткізіледі. Дәрігердің қабылдауына жазылу бойынша мобильдік қосымшалар енгізілді. 2018 жылы мобильді қосымша арқылы дәрігердің қабылдауына 150 мыңнан астам жазба жасалды. Сонымен қатар, барлық қалалық емханаларда кезектерді төмендету үшін электрондық кезек жүйесі орнатылған.
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды ендіру бойынша ақпараттық түсіндіру мақсатында 347 кездесу өткізіліп, БАҚ құралдары арқылы 1 254 іс-шаралары өткізіліп, 201 мың ақпараттық материалдар таратылды.
Мемлекет басшысының 2018 жылғы 5 қазандағы Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру бойынша алғашқы медициналық-санитариялық көмектің қолжетімділігін арттыру мақсатында қалалық №5, 9, 10, 12 емханаларда бастапқы медициналық-санитарлық көмек көрсету (БМСК) жеке орталықтары мен дәрігерлік амбулаторияларды ашу арқылы шағындауды жүргізу басталды.
Жүргізіліп жатқан шаралардың нәтижесінде жалпы өлім-жітім көрсеткіші 12%-ға, нәрестелер өлім-жітімінің көрсеткіші 4,5%-ға, қан айналымы жүйесінің ауруларынан болатын өлім-жітім көрсеткіші 13%-ға, қатерлі ісіктерден болатын өлім-жітім көрсеткіші 4%-ға, туберкулезден болатын өлім-жітім көрсеткіші 43,5%-ға, жарақаттан, жазатайым оқиғалар мен уланулардан болатын өлім-жітім көрсеткіші 6,3%-ға төмендеді.

Білім саласы

Қалада 71 мың тәрбиеленушісі бар 498 мектепке дейінгі тәрбие беру мекемелері жұмыс істейді, оның 410-ы – балабақша, 88-і – шағын орталықтар.
Балалардың мектепке дейінгі біліммен қамту деңгейі (1 жастан 6 жасқа дейін) – 70,9%, «Балапан» бағдарламасы (3 жастан 6 жасқа дейін) бойынша 94,3% құрады.
Салада 2018 жылы 116 орынды 2 жекеменшік шағын орталық және 2541 орынды 55 жекеменшік балабақша, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында 320 орынды 1 балабақша ашылды.
Сонымен қатар 15 мектептің құрылысы жүргізілді. Жылдың қорытындысымен 4 мектептің құрылысы аяқталып, іске қосылды. Қалған жобалар 2019 жылға өтпелі.
2017-2018 оқу жылында қалада өткен ҰБТ бойынша орташа көрсеткіш 76,8 балды құрады.
Шымкент қаласында ең жоғарғы 138 балды 2 түлек жинады, 137 балды 5 оқушы, 136 балды 1 оқушы жинады.
Қалада «Алтын белгіге» 287 түлек ие болды.
203 оқушы «Үздік» аттестатпен бітірді.
2017-2018 оқу жылында Шымкент қаласы бойынша халықаралық ғылыми жобалар конкурстарына 60 оқушы қатысып, олардың 39-ы жүлделі орындарға ие болса, республикалық ғылыми жобалар байқауына 21 оқушы қатысып, оның 16-ы жеңімпаз атанды.
Республикалық олимпиаданың ІІІ кезеңінде қала мектебінің 9-11 сынып оқушылары арасынан жалпы білім беретін пәндер бойынша жаратылыстану-математикалық бағытында 21 оқушы және қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы пәндер бойынша 20 оқушы жүлделі орындарды иеленіп, жеңімпаз атанды.

Техникалық және кәсіптік білім беру

Шымкент қаласы аумағында 29 колледжде 28 897 студент білім алуда. Оның ішінде 11 мемлекеттік колледжде – 14 056 студент, 18 жекеменшік колледжде – 14 841 студент.
Колледждерді бітіруші түлектердің жұмыспен қамтылу көрсеткіші 2018 жылы 89% құрады (бітірушілер – 2839, жұмысқа орналасқаны – 2520 студент).
2018-2019 оқу жылына бюджеттен 8470 орынға мемлекеттік тапсырыс берілді. 9 сынып негізінде – 7045 орын, 11 сынып негізінде – 1 425 орын.
8 мамандық бойынша мемлекеттік 7 колледжде дуальды оқыту жүйесі бойынша 29 шағын, орта және ірі өндіріс орындарымен келісім-шарт жасалып, 950 студент білім алуда.

Әлеуметтік сала

«Нәтижелі жұмыспен қамтуды және кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған» бағдарламасы бойынша 1,1 млрд теңге (2017 жылы – 1,6 млрд теңге) бағытталып, 29,8 мың адам қамтылды. Оның ішінде:
• 51 инфрақұрылымдық жобаларға жөндеу жұмыстары жүргізіліп, 5929 уақытша жұмыс орындары ашылды.
• 160 адам 2,0 млрд теңгеге шағын несие алды.
• 21 550 адам тұрақты жұмысқа орналасты.
• Кәсіби оқуға 3591 адам жолданып, оқуын аяқтаған 1330 адам тұрақты жұмыспен қамтылды.
• Әлеуметтік жұмыс орындарына 482 адам жолданып, оны аяқтағандардың 51% тұрақты жұмысқа орналастырылды.
• Жастар практикасына 2598 адам жолданды. Практикадан өткендердің 35,6% тұрақты жұмыспен қамтылды.
Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде, 2018 жылдың ІІІ тоқсанында жұмыссыздық деңгейі 5,1%-ды, жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 3,1%-ды, ал әйелдер арасындағы жұмыссыздық деңгейі 5,8%-ды құрады.
2018 жылы қалада халыққа сапалы және қолжетімді қызмет көрсету мақсатында «Бірыңғай әлеуметтік қызмет көрсету орталығы» ашылды.
Шымкент қаласы бойынша халықтың бір айда орта есеппен жан басына шаққандағы атаулы ақшалай табысы 60 427 теңгені құрап, 2017 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 19,2%-ға, ал нақты ақшалай табыс көрсетілген кезеңде 12,7%-ға өсті.
Орташа айлық жалақысы 6,6 пайызға өсіп, 113,6 мың теңге болды. 53,9 мың азаматқа атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды.
2018 жылы «Атаулы әлеуметтік көмек» жобасы бойынша шартты ақшалай көмек 10774 отбасындағы 53857 адамға 2 484,3 млн теңгеге тағайындалып, төленді, олардың ішіндегі 18206 еңбекке жарамды азаматтың 15483-і тұрақты жұмыспен қамтылды.
Аға ұрпақ өкілдерін сауықтыру мақсатында 4,1 мың жекелеген санаттағы азаматтар демалып, емделді (Ардагерлер үйінде – 1000, «Мейір» ардагерлер үйінде – 1240, «Біркөлік» шипажайына – 816, «Денсаулық» шипажайына – 371, «Ақсу Жабағылы» шипажайына – 342, «Ақсу демі» шипажайына – 400 зейнеткерлер мен мүгедектер, Батыр аналар).
2018 жылы 80 жастан асқан 161 жалғызілікті қарттарға зейнетақысына қосымша ретінде 1 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде материалдық көмек төленсе, 1959 аға ұрпақ өкілдеріне тегін басылымдарға жазылу шаралары ұйымдастырылды.
2018 жылы мүгедек азаматтарды жеке оңалту шараларына барлық деңгейдегі бюджеттер есебінен 1,1 млрд теңге қаралды. Бұл 2017 жылмен салыстырғанда 22,0% ( 0,9 млрд тенге) өскен.
Мүгедектерді әлеуметтік қорғау мақсатында қаламызда 5022 мүмкіндігі шектеулі азаматқа гигиеналық заттар алынып берілді, 960 мүгедекке жеке көмекші қызметі мен сурдоаударма маманының қызметі көрсетілді.
Мүгедектердің қоларбалармен мініп-түсуіне арналған құрылғылармен жабдықталған 33 әлеуметтік такси және 18 «Инватакси» қызмет көрсетуде.
13,0 мыңнан астам ардагер мен аз қамтамасыз етілген азаматтарға коммуналдық қызметке ақы төлеуде, қоғамдық көлікте тегін жүруде, дәрі-дәрмек босатуда жеңілдік берілді.
Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолжетімді ортаны қалыптастыру мақсатында 931 әлеуметтік нысандар түгендеуден өтіп, оның 717-і бейімдеуге жататыны анықталды, жалпы 717 нысан бейімдеуден өтті.
1046 мүмкіндігі шектеулі азаматтар тұрақты жұмысқа орналастырылды, оның ішінде 60 адам 2-4 пайыздық квота негізінде қамтылса, 823 мүгедекке әлеуметтік қолдау шаралары көрсетілді. Қоғамның назарын мүгедек жандардың проблемасына аудару мақсатында мүгедектерге арналған бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өткізіліп, 24 мүгедек жұмыспен қамту шараларымен қамтылды.
Бюджет көздерінен тыс заңнамада қаралмаған мұқтаждықтарды қамтамасыз етуге кәсіпкерлердің қолдауымен 5,1 млн теңгеден астам қаржы бағытталды.

Жастар саясаты

Статистикалық деректер бойынша Шымкент қаласында 241,4 мың жас бар, олар жалпы қала халқының 24% құрайды.
Жастардың оң бастамаларына қолдау көрсету мақсатында «Жастар ресурстық орталығы» мемлекеттік коммуналдық мекемесі құрылған.
Жұмыссыз жастарды кәсіпкерлік негіздеріне үйрету мақсатында «Даму» қоғамдық қоры және басқа да қоғамдық бірлестіктермен бірлесе отырып 30-дан аса семинар-тренингтер ұйымдастырылып, оған 1000-ға жуық жұмыссыз жас мамандар қатысты.
Одан басқа жастардың болашақта дұрыс мамандық таңдай білуіне қолдау көрсету мақсатында «Болашақта мен қандай мамандық таңдаймын!» атты 35 іс-шара өткізіліп, 600-ге жуық мектеп жастары қатыстырылды.
Жастарды патриоттық рухта тәрбиелеу мақсатында 120-дан астам түрлі форматтағы іс-шаралар өткізілді. Оның ішінде экологиялық, сенбілік акциялар, ерікті жастардан құралған «Мейірім топтарының» жұмысын ұйымдастыру, «Үлкенге құрмет, кішіге ізет» іс-шаралары, мемлекеттік және мерекелік іс-шараларды жастар арасында насихаттау, Ұлы Отан соғысы, Ауған соғысы ардагерлерінің қатысуымен патриоттық рухта кездесулер, «Домбыра party», «Отбасы» жанұя жарасымы, «Парасат майданы» интеллектуалдық жобалары, жастардың діни сауаттылығын арттыру мақсатында іс-шаралар өткізілді.
Сонымен қатар, Елбасының Қазақстан халқына Жолдауы, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласын насихаттау бойынша іс-шаралар жоспары бекітіліп, жастардың қатысуымен 187 көпшілік -ісшаралар ұйымдастырылды. Жоғары және орта арнаулы оқу орындары мен кәсіптік лицейлерде насихаттау бойынша барлығы 48 оқу орындарында талқылаулар, кездесулер ұйымдастырылып, өткізілді.
Талантты жастарға қолдау көрсету мақсатында 50-ден астам іс-шаралар, байқаулар, жарыстар өтті. Олардың қатарында, ұлттық, спорттық ойындардан жарыстар, айтыс өнерінен сайыстар ұйымдастырылды.
Жастар арасында құқық бұзушылық пен қылмыстың алдын алу бойынша жұмыстар жүргізілуде.
2018 жылы кәмелетке толмаған жастар арасындағы қылмыс пен құқықбұзушылық фактілері 2017 жылмен салыстырғанда 12% төмендеген.
Жастар арасындағы қылмыс пен құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында кафе, түнгі клуб, ойынханаларында бейсауат жүрген жастарды анықтау бойынша құқық қорғау мекемелері, белсенді жастар, арнайы қызметкерлердің қатысуымен 13 рейд, 26 кездесу іс-шаралары ұйымдастырылды.
Сонымен қатар жастар мен жасөспірімдердің компьютерлік ойынханалар, түнгі клубтарда, көшелерде түнгі сағат 22:00-ден кейін бей-берекет жүрмеуін қадағалау мақсатында «Түнгі қала», «Зорлық-зомбылықсыз Қазақстан» атты кешкі рейдтер ұйымдастырылып, өткізілді.
Жастар ұйымдарымен бірге нашақорлықтың алдын алу мақсатында жастар арасында «Ғасыр дерті», «Есірткісіз қадам», «Есірткісіз болашақ» атты бірқатар іс-шаралар ұйымдастырылды.

Бюджеттік-салықтық саясат

Қала бюджетінің көлемі 146,2 млрд теңгені құрап, 2017 жылмен салыстырғанда 9,3%-ға өсті. Әлеуметтік саланың маңыздылығы ескеріліп, 75,7 млрд теңге бағытталды. Бұл жалпы бюджет көлемінің 51,8%-ын құрады.
Мемлекеттік бюджетке түскен салықтар мен басқа төлемдердің көлемі 168,6 млрд теңгені құрады.
Жергілікті бюджетке 72,2 млрд теңге түсіп, жоспардан 6,1%-ға, 2017 жылдан 26,5%-ға немесе 15,1 млрд теңгеге артты.
2018 жылы бюджеттің шығыстары 100%-ға игерілді.
Бюджет қаржысын игеруде қаланың көрсеткіші республика бойынша алдыңғы қатарда болып отыр.

Коммуналдық меншікті басқару және жекешелендіру

2018 жылдың қорытындысымен 34 кәсіпорын 531,9 млн теңге табыспен шықты. Бұл 2017 жылмен салыстырғанда 4,8 есеге артқан.
Жекешелендірудің 2016-2020 жылдарға арналған Кешенді жоспарына енген 5 ұйымның 4-уіне («ЛТД Тұрмыс» ЖШС, «Техникалық инспекция» ЖШС, «Шымкент Тұрғын үй қызмет» ЖШС және «Таза қала» МКК) бағалау жұмыстары жүргізілді.

Коммуналдық-шаруашылық сала

Ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында 9 жобаның құрылысы жүргізілді. Нәтижесінде сумен қамтылған халық саны 92%-дан 93%-ға жетті.
Газбен қамтамасыз ету бойынша 3 жобаның құрылысы жүргізіліп, қамту деңгейі 92% құрады.
Сапалы электрмен қамтамасыз ету мақсатында 10 жобаның құрылысы жүргізіліп, 6 нысанның құрылысы аяқталды. Нәтижесінде қамту деңгейі 91,2% құрады.
Қаладағы 373 бюджеттік мекемелер мен 1848 көп қабатты тұрғын үйлер жылумен қамтамасыз етілген.
203 шағын қазандықтарда (100 Гкал/сағ дейінгі) толық күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары кестеге сәйкес жүргізілді.
Шымкент қаласының 33,8 шақырым жылу жүйелеріне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Қаланы абаттандыру мақсатында Қошқар ата өзенінің жағалауында абаттандыру жұмыстары жүргізілді.
Сонымен қатар Бекет батыр көшесі бойында көпшілік демалыс орны, Бейбітшілік көшесі бойында Арбат мәдени-туристтік демалыс орны пайдалануға берілді.
Одан басқа қаладағы көпқабатты тұрғын үйлердің ауласын абаттандыру мақсатында, 56 балалар ойын және 12 спорт алаңшалары пайдалануға берілді.
Сонымен бірге орталық көшелердің 190-ы қолмен санитарлық тазалау және осы көшелердің 183-і механикалық тазалау жұмыстарымен қамтылған.
Қала бойынша 38 874 дана жарықшам көздері бар.
Жарықшам көздерінің 22 207 данасы саябақтар мен гүлзарларда, 14 009 данасы 175 көшеде және 2 658 данасы көпқабатты тұрғын үй аулаларында орналасқан.
2017-2018 жылдар аралығында 89 көшедегі 11 565 дана жарықшам көздері жарық диодты, энерго үнемдейтін шамдарға ауыстырылып, қазіргі таңда жарық диодты шамдардың саны 13 396-ға жетті.
Сонымен қатар қалада жасыл желектер отырғызу және оларды күтіп-баптау жұмыстары жүргізілді.
Көшелерге 57 574 дана (оның ішінде, 17327 дана қылқан жапырақты, 40 247 дана жай жапырақты), шатқалдарға 80 мыңнан аса ағаш көшеттері отырғызылып, күтіп-бапталуда.

Халыққа қызмет көрсету

Ендігі маңызды басымдықтың бірі – «Ақылды қалалар» жобасын іске асыру.
Шымкент қаласы алғашқылардың бірі болып білім беру саласында балабақшаға кезекке қою, 1 сыныпқа қабылдау, электронды күнделік, мұғалімдерді жұмысқа қабылдауды электрондық жүйеге көшірді.
Денсаулық сақтау саласында медициналық ұйымға тіркелу, дәрігерлерге жазылу электронды жүйесі енгізілді.
Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықта «E-shanyrak» электронды жүйесі іске асырылуда. 2018 жылы аталған жүйеге 5 тұрғын үй пилоттық режимде қосылған.
Жол қауіпсіздігі саласында «Сергек» пилоттық жобасы іске асырылуда. Бүгінгі күнге дейін 104 камера орнатылды. Камераларды интеграциялау бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде. Биыл мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында қалаға 50 мың камера орнатып, орталықтандырылған «Call-center» ашу жоспарлануда.
Бүгінгі күні Шымкент қаласында 191 мемлекеттік қызметтің 49 пайызы электронды, 51 пайызы қағаз түрінде ұсынылады. Биыл қағаз түрінде ұсынылатын қызметтерді 80 пайызын электронды форматқа көшіру жоспарлануда.

Қоғамдық-саяси ахуал

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың 2018 жылғы 10 қаңтардағы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» және 2018 жылғы 5 қазандағы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауын Шымкент қаласы бойынша насихаттау және түсіндіру жұмыстарын жүргізу мақсатында 5 ақпараттық-насихаттық топ құрылып, арнайы желілік кестесі бекітілді.
Ақпараттық-насихаттық топтардың қатысуымен елдімекендерде, жоғарғы және орта арнаулы оқу орындарында, мектептерде, қала аумағындағы кәсіпорындарда, медицина мен әлеуметтік мекемелерде жалпы саны 158 кездесулер ұйымдастырылып, 14 300 азамат қамтылды.
Сонымен қатар, Жолдаудың іске асырылу барысын ақпараттық сүйемелдеу жөніндегі іс-шара жоспарына сәйкес, бұқаралық ақпарат құралдарында арнайы айдарлар ашылып, 295 мақала жазылды, 157 сюжеттер көрсетілді.
Қаланың орталық көшелерінде 75 дана баннер, 4 керме ілінді және 2000 дана брошюра дайындалып, таратылды.
Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласындағы негізгі бағыттарды насихаттау бойынша арнайы іс-шара жоспары бекітіліп, 56 іс-шара өткізілді.

Қоғамдық ұйымдармен жұмыс және мониторинг жүргізу бойынша

Бүгінде қалада 6 облыстық саяси партия мен олардың филиалдары, 20 этно-мәдени бірлестіктердің орталықтары жұмыс атқаруда.
Шымкент қаласы бойынша 500-ден астам үкіметтік емес ұйымдар тіркелген. Қалада үкіметтік емес ұйымдар қызметін белсенді жүргізіп, әлеуметтік маңызды жобаларды жүзеге асыруға елеулі мүмкіндіктер берілген.
Осы тұрғыда қалалық бюджеттен үкіметтік емес ұйымдардың әлеуметтік маңызды жобаларын қолдауға 2018 жылы 35 млн теңге қаралып, 22 бағыт бойынша жобалар жүзеге асырылды (2017 жылы – 31,1 млн теңге, 17 бағыт бойынша).
2018 жылы үкіметтік емес ұйымдармен мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде 12 байқау, 53 кездесу, 2 конференция, 8 акция, 10 семинар, 22 «дөңгелек үстел», 3 экскурсия өткізіп, 18 000 дана кітапша, 23 025 дана ақпараттық парақша шығарылып, таратылды.
Қала әкімдігі жанынан мемлекеттік органдардың және үкіметтік емес ұйымдардың арасындағы ынтымақтастық жүйесін нығайту және өзара қарым-қатынастың тиімді механизмдерін жетілдіру мақсатында қалалық Кеңес жұмысын жүргізуде. Кеңестің құрамына тиісті мемлекеттік органдардың қызметкерлері, қалалық мәслихаттың депутаттары, белсенді үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, құқық қорғау органдарының және жастар ұйымдарының жетекшілері енгізілген. Кеңестің отырысында қаладағы үкіметтік емес ұйымдардың қызметіне талдаулар жүргізіліп, әлеуметтік жобалардың бағыттары бекітілуде.
Шымкент қаласының республикалық дәрежедегі қала статусын алуына байланысты қаламызда алғаш рет 2018 жылғы 8 қараша күні «Нұр Отан» партиясы Шымкент қалалық филиалының мәжіліс залында Шымкент қаласы үкіметтік емес ұйымдарының «Азаматтық қоғам және мемлекет: Диалог. Әріптестік. Сенім» тақырыбында форумы өтті.
Форум мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдардың қарым-қатынасын әрі қарай дамыту мәселесі бойынша тұрақты сұхбат алаңы болып есептеледі.

Шымкент қаласының Қоғамдық кеңесі туралы

2018 жылы Шымкент қаласы Қоғамдық кеңесінің 6 мәжілісі өткізілді. Мәжілісте 20 нормативтік құқықтық актілер мен жобалар қаралып, 1 қоғамдық мониторинг өткізіліп, 7 мемлекеттік орган басшыларының есептері тыңдалды. Қоғамдық кеңес төрағасының, мүшелерінің Қоғамдық кеңесінің қызметі туралы мақалалары мен сұхбаттары БАҚ-та жарияланды.
Шымкент қаласында «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспары әзірленіп, бекітілді.
Бағдарламаны іске асыру бойынша комиссия және Сарапшылар кеңесі құрылды.
Бүгінде қалада бағдарлама аясында 425 іс-шара өткізіліп, 52 мыңға жуық адам қамтылды.

Қоғамдық қауіпсіздік

Шымкент қаласы бойынша 2018 жылы жалпы 16 142 құқық бұзушылық тіркелген (2017 ж – 19 914), бұл өткен жылғымен салыстырғанда 18,9% төмен.
Аса ауыр қылмыстардың саны 12%-ға (83-тен 73-ке), ауыр қылмыстардың саны 20,8%-ға (1653-тен 1309-ға), орта қылмыстар саны 20,7%-ға (14463-тен 11463-ке), ал жеңіл қылмыстар саны 11,9%-ға (2574-тен 2267-ге) азайған.
Қалалық полиция қызметкерлері жүргізген іс-шаралар нәтижесінде қатынастағы алкогольдік және есірткіге мас халде жасалған қылмыстар 25 пайызға (440-тан 330-ға), қоғамдық орындарда жасалған қылмыстар 16,8 пайызға (7177-ден 5971-ге), ал көшеде жасалған қылмыстар 12,9 пайызға (3662-ден 3191-ге) төмендеген.
Атқарылған жедел іздестіру шараларының нәтижесінде аса ауыр қылмыстарының ашылу көрсеткіші 92,8%-дан 96,4%-ға, денеге ауыр жарақат салу 96,2%-дан 97,4%-ға, бөтеннің мүлкін ұрлау 49,2%-дан 52,7%-ға, тонау 62,6%-дан 63,5%-ға, бопсалау 90%-дан 92,6%-ға, алаяқтық 73%-дан 73,4%-ға, бұзақылық 90,2%-дан 95,2%-ға артты.

Кадрлық саясат

Шымкент қаласы әкімдігінің бірыңғай конкурстық комиссиясымен Шымкент қаласы әкімі аппараты, қаладағы аудан әкімі аппараттары мен жергілікі бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы органдарындағы бос лауазымдарға 176 үміткер қабылданды. Мемлекеттік қызметке кірудің ашықтығын және айқындығын қамтамасыз ету мақсатында конкурсқа 176 байқаушы мен сарапшы шақырылды.
Сонымен бірге лайықсыз әрекетке жол берген мемлекеттік әкімшілік қызметшілердің тәртіптік жауапкершілігін бір жүйеге түсіру мақсатында құрылған Шымкент қаласы әкімдігінің бірыңғай тәртіптік комиссия 7 материал қарап, 4 мемлекеттік қызметшіге тиісті тәртіптік шара көрілді.
Жергілікті атқарушы органдардағы мемлекеттік қызметшілердің
3-і «Болашақ» бағдарламасымен және басқа да академиялық білім алу мақсатында жоғары оқу орындарына түсті.
2018 жылы «Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы» РМҚК-ның Шымкент қаласы бойынша филиалында 191 мемлекеттік қызметші біліктілігін арттырып, 40-ы қайта даярлаудан өтті.

Құжат айналымы

2018 жылы қала әкімінің «Веб сайтына» түскен 287 сұрақтың 243-не толыққанды жауап беріліп, 44 сұрақ бақылауға алынды, орындау жұмыстары жалғасуда.
Сонымен қатар «Нұр Отан» партиясынан – 136, қалалық мәслихаттан – 44, прокуратуралардан – 323, жеке және заңды тұлғалардан 42 554 хаттар түсіп, тиісті жауаптар берілді.

shymkent.gov.kz