Тұрмысы төмен отбасыларға газ анализатор құрылғысы тегін орнатылуда

308

 

Шымкентте улану фактісі көптеп тіркелген. Әсіресе, табиғи отынды дұрыс қолданбай, құбырын өздігінен жалғағандар ажал құшып жатады. Осыны ескерген төтеншеліктер жағдайы төмен отбасыларға газ анализатор құрылғысын тегін орнатуға кірісті. Қысы-жазы қауіпсіздікті реттейтін құрылғы мыңға жуық отбасыға орнатылады деген жоспар бар.

Жеті балалы отағасы енді улану оқиғасының алдын ала алады. Үйіне газ анализатор құрылғысы орнатылды. Енді қауіп сейіліп, балалары алаңсыз ойнайтынына қуанды.

Газ анализатор – газ қоспасының сандық және сапалық құрамын анықтайтын құрылғы. Көмегімен көгілдір отын автоматты түрде сөндіріледі. Мұндай аппарат барлық шымкенттіктің үйінде болуы тиіс деген мамандар, алдымен әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларды қамтуды жөн санапты.

Айта өтейік, құрылғының құны жиырма мың теңгеден басталады. Әзірге 120 үйге қойылды. Алдағы уақытта тағы мың отбасын қамту жоспары бар.