Төлеби ауданының тұрғындары әлі күнге дейін құдықтан су ішіп отыр

371

«Әлі құдықтан су ішіп отырмыз». Тіршілік нәрінен таршылық көрген төлебилік тұрғын аудан әкімінің есептік жиынында базынасын жеткізді. Ауданда атқарылған ауқымды жұмыстар екшеленген шараға Президент әкімшілігінен өкіл келіп қатысты. Қорытынды жиында төлебиліктердің жетістіктерімен қоса күні бүгінде күрделеніп отырған түйіткілді мәселелері ортаға салынды.

Аудан әкімі жыл ішінде атқарған жұмыстарды қорытып, ел алдында есебін берді. Омарбеков мырза басшы болғанына көп уақыт болмаса да жергілікті халықтың жайына қанық екенін байқатты. Мемлекеттік бағдарламалардың орындалуы мен әлеуметтік, коммуналдық салалардағы атқарылған жұмыстарды баяндап берді. Жоспар артығымен орындалған бағыттың бірі – өнеркәсіп саласы.

Барлық салада өсім барына сендірген әкім төлебиліктердің толымды істерін тізіп шықса, тұрғындар Елордадан арнайы ат терлете келген атқамінер бастаған шенеуніктерге арыз-шағымдарын жеткізді. «Ақайдар» елді мекенінің тұрғыны ә дегеннен ауыз су мәселесін көртерді. Әлі күнге дейін құдықтан су ішіп отырған жұртшылықтың аманатын арқалай келіпті.
Егін салып, мал бағып өңірдің өркендеуіне үлесін қосып отырған төлебиліктердің туризм саласында тындырар тірліктері көп. Өңір басшысы жергілікті билік өкілдеріне осы бағытта жобалар ұсынуын тапсырды. Әдеттегідей Түркияны мысал еткен Ж. Түймебаев мырза ауданның да турист тартардай тартымдылығы бар, соны пайдалану қажеттігін айтты.
Тұрғындардың айтуына қарағанда ауданда ағын су мен мектеп мәселесі де күрделі күйде. Мұңын шаққан тұрғындарды мұқият тыңдаған билік өкілдері алдағы уақытта түйіткілдерді тарқатамыз деп тарасты.

Мақпал Рысбаева