Сарыағаштағы интернат құлағалы тұр

338

Бүгінде Сарыағаш ауданындағы интернат дауы әлеуметтік желіде қызу талқылануда. Бұған белгілі адвокат Айман Омарованың жазбасы себеп болып отыр. Интернат тәрбиленушілерінің жайына алаңдаған заңгер ондағы жағдайдың сын көтермейтінін жеткізген-ді.

Арна тілшілері ауданға арнайы ат басын бұрып, айқай-шудың қақ ортасында қалған жасөспірімдердің жағдайын көзбен көріп қайтты.

Бұл аудандағы №12 интернат асханасының бір қабатты ғимараты. Сырттай қарағанда жай үйшік сияқты. Іші тоз-тозы шыққан. Мұнда тіпті асханаға қатысты қарапайым ғана талаптардың өзі сақталмаған. Қол жуатын орын да жоқ. Ғимарат көмірмен жылытылады. Мұнда балалар өз-өздеріне қызмет көрсетеді екен.

Интернат белгілі адвокат Айман Омарованың жазбасынан кейін әлеуметтік желіде әйгілі болды. Балалардың қамына алаңдаған заңгер қирағалы тұрған ғимараттың суреттерін жариялады. Қоймалардың бірінде көмір сақталады. Ал қақаған қыста балалар әжетхана сыртқа шығады.

Аядай ғана бөлмеде төрт, алты адамнан жатады. Жалғыз ғана жуыну бөлмесіне ұзын сонар кезек. Мұнда ауданның шалғай ауылдарынан балар келіп оқиды. Мектепке беруге мүмкіндігі болмаған соң ата-аналар балаларын осында оқытуға мәжбүр.

5 күн білім алатын шәкірттер үйлеріне демалыста ғана барады. Мұндағы сын көтермейтін жағдайға балақайлар да үйреніп қалған секілді. Мұнда балалар қауіпсіздігі де сақталмаған. Өртке қарсы шаралар сақталмаған мұнда. Білім беру ұйымының басшылары осыған дейін ешкімнен арыз-шағым түспегенін айтады.

Баршагүл Қожабаева, меткеп интернаты директорының міндетін атқарушы: «Қыркүйек айының басында СЭС – тен тексеру келді. Ай бұрын облыстан мамандар келіп, тексерді. Ғимаратты жөндейміз. Бюджет нақтыланса болды».

Сарыағаш ауданы әкімдігіндегілер жөндеу жұмыстары кезінде балалар басқа көрші мектепке ауысады дейді.

Интернат аумағындағы құлаудың шақ алдында тұрған ғимараттар сүріле бастапты.
Құрылыстың қашан басталатыны әзірге белгісіз. Бұл жағдай біздің назарда болады.

Мақпал Рысбаева