Әкімнің өзі панасына алған әншілер шенділердің шүйлігуі азайғанын айтып отыр

150

Халық көп шоғырланатын Арбатта көше өнерпаздары елді өнерімен сүйсінтіп жүр. Бірақ, музыканы тыңдауға келгендер осыдан бірнеше күн бұрын үлкен даудың куәгері болды. Жексенбі күні Бейбітшілік көшесінде полицейлер мен әуесқой әншілер арасында шу шыққан еді.

Арбатқа келушілердің арасында Леон лақап атымен танымал мына жігіт полицияның қуғынына ұшыраған өнерпаздардың бірі. Саксафонның сырлы сазымен көшені сиқырға бояп тұрған оған тәртіп сақшылары шүйліккен еді. Көпшіліктің көз алдында болған оқиғаны әкімнің өзі әлеуметтік желіде жариялады.

Осылайша әкімнің панасына кірген әншілер содан бері шенділердің шүйлігуі азайғанын айтады.

Леонид Бидризов, көше музыканты: «Оқиғадан соң тәртіп сақшылары бір-екі рет жанымыздан өтті. Бірақ жақ ашқан жоқ. Әйткенмен көзқарастарынан ұнатпағандарын ұқтық. Жалпы біздің қаламызда осыған дейін көше өнерпаздары болмаған. Арбат ашылғалы енді көрініп жатырмыз. Сондықтан да олар бізді қалай қабылдайтындарын білмеген шығар».

Ал полиция қызметкерлерінің музыкантқа қояр жалғыз талабы бар. Сағат кешкі он бірден кейін жақын маңдағы көпқабатты үй тұрғындарының мазасын алмау. Леонның кетуін талап етуге де сол тұрғындардың арызы негіз болыпты.

Болат Әйтеков, учаскелік полиция инспекторы: «Кешегі іс-әрекеттерін айтар болсам, 21:00-де дауысын төмендетіңдер деп келдік. Өйткені осы жердің тұрғындары күніге ескерту береді. Олардың барлығы да үлкен кісілер. Сәл жай айтса…Өздеріңіз көріп отырсыздар дауыстары қатты шығып жатыр. Сағат 23:00-ден кейін қууға мәжбүр боламыз».

Ал өнерпаздардың ешқандай заңға бағынбайтын шабыты ел ұйқыға кеткенде оянады екен. Сондықтан Шымкенттің Арбатына музыканттар кешкі 22:00-ден кейін келе бастайды. Енді, өнерді еркіндіктен артық көретіндердің қашып жүріп шырқаудан басқа амалдары жоқ.

Назерке Үкібасова