Мемлекеттік қызметшілер жас кәсіпкерлермен кездесті

229

Қазақстан халқы Ассамблеясының ғимаратында ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Ұлттық бюросының Шымкент қаласы бойынша департаменттерінің бастамасымен мемлекеттік және құқық қорғау органдарының өкілдерінің жаңа буынмен «бейресми» кездесу өтті.

Әңгімелесу барысы «brainstorming» режимінде өткізілді, мұндай кездесулердің ерекшелігі олардың бейресми сипаты болып табылады, яғни, еркін форматта мемлекеттік органдар мен қоғам өкілдері мемлекет пен қоғам арасындағы қарым-қатынастардың ең өзекті мәселелерін, сондай-ақ халық пен бизнес арасындағы бірқатар мәселелерді өздерінің шеңберінде талқылауға мүмкіндік алады.
Бұл əдіс қатысушыларға сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл, цифрлық қызметтер, азаматтық қоғам, демократия, мемлекет пен халық арасындағы кедергісіз орта, т.б. əртүрлі жағдайларды бірнеше нұсқада шешу тәсілдерін ұсынды.
Сонымен қатар, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы ұлттық баяндаманың негізгі ережелері мен ұсынымдары талқыланды.

Командалық жұмысқа Департамент басшысы Ә.Көмекбаев, Ұлттық Бюро Департаментінің басшысы М.Қарымсақов, Жамбыл, Қызылорда, Түркістан дәне Шымкент қалалары бойынша Ұлттық бюро департаменттерінің жедел-тергеу бөлімдерінің офицерлері, ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Шымкент қаласы бойынша филиалының директоры А.Есенгелдина, АМТ мүшесі Ә.Әссанди, Отбасы, балалар және жастар істері жөніндегі басқармасының басшысы Ж.Қалтаев, «Жас Отан» жастар қанатының төрағасы А.Алимов, «Шымкент-адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің басшысы Е.Төлебаев және жас кәсіпкерлер қатысты.

«Тұңғыш Президент жарлығымен биылғы жыл Қазақстанда жастар жылы деп жарияланды. Бұл жастар саясаты мемлекеттің назарындағы басым бағыттардың бірі екендігін көрсетеді» деп атап өтті Департамент басшысы Әли Көмекбаев.
Әли Амантайұлы қалада жүзеге асырылып отырған мектептердегі «Адал ұрпақ» және ЖОО мен колледжердегі «Саналы ұрпақ» жобаларымен таныстырып өтті. Аталған жобалар аясында қазақстандықтардың бойында шынайы құндылықтарды, мейірімділікті, адалдық пен сатылмаушылықты, цифрлық сауаттылықты және т.б. тәрбиелеу бойынша жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқандығын жеткізді.

Сонымен қатар, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Ұлттық бюросының Шымкент қаласы бойынша департаментінің басшысы Мұрат Секешұлы қатысушыларға Қазақстандағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың жүзеге асырылу барысын түсіндіріп, ондағы басты мақсат — сыбайлас жемқорлыққа қарсы әр түрлі алдын алу шаралары арқылы қоғамдағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру екендігін жеткізді.

Іс-шара барысында отбасы, балалар, жастар, кәсіпкерлік, жұмыс пен үй мәселелері көтеріліп, қатысушылар өз ойымен бөлісті.

Ерасыл Төлебаев тұрмыстық сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендету, азаматтар үшін қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік беретін «Шымкент-адалдық алаңы» жобалық кеңсесіндегі жүзеге асырылып жатқан жобалар мен болашақ жобалар үшін жаңа идеяларымен бөлісті.

Жобаларға қоғам өкілдерінің белсене атсалысқаны қажет. Жаңа жобалар — бұл қоғамдық бақылаудың интерактивті картасы болып табылады, ол түрлі инфрақұрылымдық нысандарға бюджеттік ақшаны тиімді жұмсауды, мемлекеттік сатып алу порталының мониторингін, сондай-ақ әлеуметтік маңызы бар облыстардағы қоғамдық бақылауды бақылауға мүмкіндік береді.

Статистика бойынша Шымкент қаласында 241 500-ге жуық жастар бар (жалпы қала халқының 24 пайызын құрайды).

Жалпы мемлекеттік қызметшілердің саны 1900-ге жуық болса, оның ішінде жас мемлекеттік қызметшілер саны — 409.