Түркістандағы базар қала сыртына көшірілмек

706

Заңсыз саудаға жол жоқ. Түркістан қаласының әкімі шаһар шырқын бұзған сауда орындарын қала сыртына көшіруге бел байлап отыр. Қаланың қақ ортасындағы базарлардың сыйқы облыс орталығы атауына сын. Жаңа базардың құрылысы аяқталғанша, белгіленбеген жерде сауда жасағандарды көшіру керек. Бірақ әкімдіктің бұл шешіміне нәпақасын базар сыртынан тапқандар наразылық танытып отыр.

 

 

 

 

 

«Орнымызды босатпаймыз»… Бұл осында күнелткен саудагерлердің жанайқайы. Көпжылдан бері нәпақасын тауып, отбасын асырап жүргендер үйренген клиенттерінен айырылығысы келмейді. Сосын болар, жылы орнын босатудан басыбайлы бас тартып отыр.

Дегенмен базардың қазіргі сыйқы көңіл көншітпейді. Мұндағы бейберекет заңсыз саудадан аяқ алып жүру мүмкін емес. Ал бұл облыс орталығының статусына селкеу түсіретіні анық.

Тәжібек Мұсаев, Түркістан қаласы әкімінің орынбасары: «Облыс орталығы болды, ретке келтіру жұмстары басталды. Базарларды да ретке келтіру керек. Базар әкімшіліктеріне айтылды. Біз инфрақұрылым жүргіземіз, олар күзде көшеді. «Алтын бұлақ» базарымен келісім бар, алғашқы 2 ай тегін отырады. Бірақ саудагерлер оған көнбей қайта мына жақта саудасын жалғастыруда. Қаланың Қызылордаға шығатын тарабы яғни, оң тараптан 25 гектар және сол жағынан 7 гектар жер бөлінген. 7 гектар аумақта құрылыс материалдары базары орналасатын болады. Ал 25 гектар аумақта күнделікті тұтынатын тауарлар сататын базар болады. Сол бағытқа 9 автокомпаниямен жұмыс жүргізілуде. 9 бағыт бойынша қоғамдық көлік жүретін болады. Сатушылардың өтініші бойынша мұнда әкімдік автобекет ашуды да жоспарлап отыр. Бұл тарапта жұмыстар жүргізілуде. Жаңа базар күзде пайдалануға беріледі деп күтілуде. Оған дейін сатушылар «Алтын бұлақ» базарында сауда саттық жасайды. Аталған базар 1700 орынға шақталған. Бәріне орын жетеді. Алғашқы екі ай тегін. Одан кейін ақылы болады. Бірақ саудагерлер ол жаққа көшуге наразылық танытып отыр. Қайтадан «Қуаныш» базарының маңайында заңсыз саудаларын жалғастырып жатыр. Заң талаптарына бағынбағандарға әкімшілік айыппұл салынатындығы ескертіліп отыр».

Әкімдіктегілердің жоспары осы. Ал оған дейін сауда нүктелері заңсыз деп табылған барлық саудагерлер қаладағы «Алтын бұлақ» базарында кәсібін жалғастырады.
Дегенмен саудагерлердің де бұған айтар өз уәждері бар. Сөздерінше қаланың сырт жағында орналасқан «Алтын бұлаққа» халық бармайды. Сондықтан да олардың әкімқараларға айтар ұсынысы да жоқ емес.

 

 

 

 

 

Сатушы әйелдердің бірі «Тек азық-түлік сататындарды ғана емес, киім кешек сататындарды, осындағы барлығын көшірсін. Сонда халық барады. Біздің сауда жүреді. Тек алма, сүт үшін онда кім барсын…» деп отыр.

 

 

 

 

 

Қос тараптың айтары осы. Олар тартысып жатқанда жаңа базардың құрылысы басталып та кетті. Яғни, Түркістандағы барлық базар қала сыртына көшетін күн жақын.

Айжан Ермекқызы