«Түнгі уақытта жолаушы және жүк көліктеріне халықаралық тасжолдарда жүруге тыйым салу қажет»

253

Қордайда жол апатынан қайтыс болғандардың туған-туыстарына қайғырып көңіл айтқан Данияр Мейірхан facebook әлеуметтік желісінде «елімізде 23.00-ден 7.00-ге дейін жолаушы және жүк көліктеріне халықаралық және республикалық маңызы бар тасжолдарда жүруге тыйым салу қажет» деп ұсыныс тастады.

«Бүгін Жамбыл облысында жолда 11 адамның өмірін алып кеткен қайғылы оқиға орын алды. Таңғы 5-те, ең қауіпті уақытта болған, бұндай мезгілде ұйқыны жеңу қиын. Шаршаңқы халде рөлде отырып, жол оқиғасына дер кезінде ден қою, өзін және жолаушыларын аман алып қалу туралы шешімді тез арада қабылдауға мүмкіндік жоқ деп ойлаймын. Адамдардың өмірін сақтап қалуға көмектесетін белгілі бір шектеулер енгізу қажеттігі туралы ойланудың уақыты келген сияқты.

Елімізде 23.00-ден 7.00-ге дейін жолаушы және жүк көліктеріне халықаралық және республикалық маңызы бар тасжолдарда жүруге тыйым салу қажет. Осындай шектеу қойған жағдайда жол қозғалысының қауіпсіздігі жақсарып, көптеген өмірді сақтап қалуға болады» деді өз жазбасында Данияр Мейірхан.