Табысты жасырмау салықтың артуына сеп

103

Шымкент қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Нұралхан Көшеровтың бастамасымен және базар әкімшілігінің келісімімен  ағымдағы жылдың 11 сәуірінде «Тұлпар 2030» сауда базарында мемлекеттік кірістер органының «Кеңестік орталығы» ашылды.

Кеңестік орталықта салықтық есептіліктерді тапсыру үшін «Салық төлеушінің кабинеті» терминалдарымен, сонымен қатар, базар аумағында салықтар мен төлемдерді қабылдайтын кассалары орналастырылған. Департамент басшысы өз сөзінде, салық төлеушілерге салықтық есептілік кезеңінде, есептілік нысандарын толтыруы, онлайн бақылау-касса машиналарын тіркеуі, оны қолдануы  және де салық заңнамасына енгізілген өзгерістер мен толықтырулар туралы мемлекеттік кірістер органдарының қызметкерлері түсіндіру жұмыстарын жүргізетінін айтып кетті. Өз кезегінде, келешекте салық төлеушілер, ешкімнің көмегіне жүгінбей салықтық есептіліктерді өздері жолдап отыратын болады. Яғни, салық төлеушілер уақыттарын үнемдеп, өз жұмыс орындарынан алыстамай өздеріне тиісті салық міндеттемелерін орындайды «Сыбайлас жемқорлық және көлеңкелі экономикамен күрестің бір шарасы- ол онлайн бақылау-касса машиналарын қолдану» деп атап кетті Н. Көшеров.
Өткен жылдары аталған  базардың кәсіпкерлерінің  30 %  салықтық есептіліктерін ең төменгі немесе нөлдік көрсеткіштермен тапсырған болса, қазіргі таңға біздің тарапымыздан атқарылған жұмыстар нәтижесінде базарда сауда жасайтын кәсіпкерлердің 90%-ы онлайн бақылау-касса машиналарын орнатып айналымдарын 6-7  есеге ұлғайтқан. 2018 жылы бір кәсіпкер жылына тек 28,0  мың теңгені төлеген болса, қазір бір ай ішінде 14,0  мың теңгеге жуық төлеп отыр.

“Мемлекетіміз бизнесті қолдап, сіздердің қызметтеріңізге тексерулерді жүргізбей, барлық жағдайды жасап жатқаны бәрімізге мәлім, сол себептен табыстарыңызды айқындауға, жасырмауға уақыт келді, барлықтарыңызды өз жұмыстарыңызда бақылау-касса машиналарын қолдануға, чектерді ұрып, өз табыстарыңызды айқын көрсетуге  шақырамын” деп айтып кетті мегаполистың  Бас салықшысы.
Жиын соңында кәсіпкерлер мен салықшылар арасында диалог өтіп, кәсіпкерлердің ұсыныстары ескеріліп, алдағы уақытта екі жақтама жұмыс жасауды нығайту келісілді.

 

QAINAR KÓZШымкент қаласы бойынша МКД