Қызды құтқарып қалғаны үшін кітап сыйлады

227

Шардарада суға кеткен қызды құтқарып қалған тәртіп сақшыларының ерлігі ескерусіз қалмады. Шымкен қаласы ІІД басшысы Ералы Жұмаханбетов екі полицейге бейбіт күндегі ерлігі үшін ерекше сыйлық жасады.

«Шымкент қаласы және Түркістан облысының Мамандандырылған күзет қызметі басқармасының инспекторлары Кеңес Ерімбетов пен Әбдірашит Сержан Шардара су қоймасынан жас қызды құтқарып қалғаны үшін өз атымнан және жеке құрамның атынан алғысымды білдіремін.

Кеңес пен Сержанның ерлігі мен ер жүректігінің арқасында барлық құрдастарының арасында үлгі болады деген сенімдемін. Бауыржан Момышұлы атамыздай батыр болсын деген ниетпен Әзілхан Нұршайықовтың «Ақиқат пен аңыз» кітабын сыйға тарттым.

Еске сала кетсек, 2019 жылдың 9 сәуір күні Шардара қаласына іссапарға барған Шымкент қаласы және Түркістан облысының Мамандандырылған күзет қызметі басқармасының инспекторлары Кеңес Ерімбетов пен Әбдірашит Сержан Шардара су қоймасынан жас қызды құтқарған еді. Қазіргі таңда қыз ата-анасымен бірге, жағдайы бірқалыпты.

Бейбіт күнде ерлік жасаған осындай батырларымыз көп болсын деген ниетпен бұл жігіттерді марапаттауды жөн көрдік» деп жазды қаланың бас полицейі facebook әлеуметтік парақшасында.