Дәрігерлердің дүмшелігінен мүгедек болып қала жаздады

234

Шымкентте 22 жастағы бойжеткен дәрігерлердің дүмшелігінен мүгедек болып қала жаздады. Александра Песецкаяға 4 ай бұрын соқырішек деген диагноз қойылып, ота жасалған. Алайда, сауығып кетудің орнына әлі де ем қабылдауға мәжбүр. Отадан кейінгі жағдайы күрт қиындай түскен бойжеткен қызметіне салғырт қараған дәрігерлерді кінәлайды.

Әлеуметтік желіде тараған бұл видео ешкімді де бей-жай қалдырмады. Көз жасын тия алмаған шымкенттік келіншек ауруханада жатып желі арқылы жұрттан көмек сұрады. Соқыр ішекпен ауырған әйел дұрыс қойылмаған диагноздың кесірінен бүгінде өлімші халге түкен.

Александар Песецкая, қала тұрғыны: «Жедел-жәрдемді қайта-қайта шақырдық. 4-рет. Алғашқы екеуінде бір қыз келді. Ол анальгин мен димедролды тамырыма салды. Ауру сәл басылғандай болған еді. Бірақ, кейін қайта басталды. Одан кейін ауруханаға, № 5 емханаға бардым. Ол жақта маған жыныстық жолдардың суықтағанын айтты. Үшінші күні енеммен тағы да емханаға бардық. Онда да суықтағансың деп шығарып салды».

Шыбын жаны шырылдап, қиналған оған емханада түрлі дәрі жазып берген. Үйінде тағы 3 тәулік уақыт өткізген оның соңында дене қызуы түспей қойыпты. Бұған шыдай алмаған Александраның жақындары жедел-жәрдемді тағы шақырған. Сол кезде ғана ауруханаға жеткізіледі.

Ибрагим Ташев, №3 аурухананың бас дәрігері: «Әлем бойынша соқырішектен көз жұматын жағдайлар кездеседі. Аз болса да. Дәл осы науқас тарихына келсек, ол бізге өте асқынған жағдайда жетті. Тіпті оның аман қалуын ғажайыпқа баласақ та болады. Әдетте мұндай диагнозбен түскендердің 90 пайызы өліммен аяқталады».

Шымкент қаласы денсаулық сақтау басқармасы басшысы өз кезегінде жағдайдың оңалатынына сендіріп отыр. Александраны аяқтан тұрғызамыз деген ол кінәлілердің жазасыз қалмайтындығын да жеткізді.

Асхан Байдуалиев, қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы: «Тәжірибелі 5 маманнан тұратын комиссия жасақталды. Олар науқастың жедел жәрдемге жүгінуінен бастап, ауруханаға жеткізілуіне дейінгі кезеңді тексерістен өткізеді. Бұл жағдайды министр Е. Біртановтың өзі бақылауында алып отыр. Егер шұғыл жағдай орнай қалса, Астанаға да ұшақпен апаруға дайынбыз».

Мүшкіл жағдайға душар болған науқас бүгінде инсульт орталығында ем алып жатыр. Туыстары бұл жолы оның қасынан бір елі алыстайтын емес. Жаны қиналған Александраның өмірге деген құштарлығына күш беріп отырған үйде қалған алты айлық қызы екен.

Назерке Үкібасова