Газ құбырынан ақау шыққан пәтерді төтеншеліктер тексеріп жатыр

191
фото shallot.ru

Газдан уланып көз жұмған әйел мен қыздың денесін туыстары туған жері Қызылорда облысына жерлеуге әкетті. Анасы мен қарындасынан айырылған Бағнұр Елібаевтың әкесі мен бауыры қалды. Қазір бұл жайт бойынша арнайы комисся құрылып, тексеріліп жатыр

Қайғылы жағдай «Теріскей» шағынауданында орын алған. Жезқазғаннан көшіп келіп, соңғы үш жылда Шымкентте пәтер жалдап жүрген анасы, ұлы мен қызы 30 сәуір күні осындағы пәтерге тұрақтапты. Арада тәулік өтпей үйден 47 жастағы әйел мен 19 жасар қызының өлігі шықса, 19 жастағы жігіт қатты уланып, ауруханаға түскен.

Мәдина Ермаханбетова, Т.Орынбаев атындағы жоғары қысымды оксигенация орталығының бас дәрігері: «Науқас бірден жансақтау бөліміне жатқызылды. Барлық керек көмектер, сеанстар өткізіліп, толық көлемде ем-шаралар жүргізіліп, қазіргі таңда науқас әлі де сол бөлімшеде ем қабылдауда».

Көршілердің айтуынша көпқабатты бұл үйде газ иісі үнемі шығады екен. Мұржасы жоқ үйде көпшілік су мен баспана жылытатын құрылғыларды өздігінше орнатып алған. Қайғылы жағдай болған пәтерде де мұржа жөнсіз қойылған болып шықты. Пәтер иесіне хабарласқанымызда, өзін Роман деп таныстырған азамат үйді бір жыл бұрын алғанын және газ құрылғысы алдыңғы қожайыннан қалғанын айтады. Қазір бұл жайтты төтеншеліктер мен полицейлер тексеріп жатыр

Марқұм болған әйел қаладағы дәмханалардың бірінде бас аспаз болған. Ал көз жұмған қызы студент екен. Аман қалған 21 жастағы Бағнұр Елібаевтың жағдайы қазіргі таңда бірқалыпты. Палатаға ауыстырылды. Анасы мен қарындасынан айырылғанын оған артынан келген достары мен туыстары естірткен.

Меруерт Ахан