Шымкенттің іргесіндегі халық ауыз суға жарымай отыр

136

Осыдан біраз жыл бұрын Сайрам тұрғын алабына құбыр тартылғанымен, бірнеше көшеге тіршілік нәрі жетпей қалыпты. Ал, су торабын тартқан мердігер істі боп кеткен. Үйіне су кіргізіп алған көрші көшеге қызыға да, қызғана қарайтын тұрғындар тыңдар құлақ таппай, арнамызға арызданды. Ауызсуды қарызға алып, ішіп отырған қалалықтар мұңын шақты.

Жиналған елдің жанашуы шегіне жеткен. Себебі аудан бойынша берілген ауыз су жалғыз Мүслім ата көшесіне бұйырмаған. Тіпті жүргізілген құбырдың өзі дәл осы көшеге жетіп тоқтатылыпты. «Тоқалдан тудық па?» деп налыған ел бүгінде бекіткен ауызын ашатын су таппай жүр.

Клара Юлдашева 8 жылдан бері ауыз суды өз үйінен емес туған-туыстарынан алып келеді. Айтуынша жинаған суды көзінің қарашығындай сақтайды. Тіпті қолжеткізу қиынға айналған тіршілік нәрін жасырып ұстайтын болған. Өйткені әупірімдеп жиналған суды ойын балалары ысырап етуі мүмкін.

2006 жылы жүргізілген құбырларға судың бұйырмауына себеп бар екен. Сөйтсек жұмысты бастаған мердігерлер оны аяғына дейін жеткізбей, істі болып кетіпті. Жылдар өткен соң қолға қайта алынған Мүсілім аталықтар мәселесі биыл жобаның 2 кезеңіне кірмей қалған.

Сонымен сайрамдықтарға су қадірін 2020 жылға дейін тағы түсінуге тура келеді. Сондай-ақ аузы ашық қалған құдықтардан да абайлап жүруден басқа амалдары жоқ.

Назерке Үкібасова