Арыстықтар қаланы бұрын соңды мұндай күйде көрмегендерін айтуда

144
Фото Жәнібек Нұрыш

Арысқа алғашқы болып табан тіреген арыстықтардың көңілі алаң. Бұрын соңды қаланы мұндай күйде көрмегендерін айтқан тұрғындар жауаптылардың алдағы бір айда жөндеп береміз дегендеріне сенім артып отыр.

Шымкенттен келген автобустарды күтіп алып, адамдарды шағынаудандарға бөліп жатыр. Арыстың орталық алаңында әскерилер мен полицейлер шоғырланған.
Арыстық тұрғындармен тілдескенбіз. Әбден қорқынышқа бой алдырған олар алдағы күндеріміз қалай болар екен деп алаңдап тұрғаны байқалады.

Гүлайша Ерубаева, Арыс қаласының тұрғыны: «Арыс қаласын 2008 жылдан бері мекен етіп келемін. 10 мың теңгеге пәтер жалдап тұрамын. Күйеуім қайтыс болған, мүгедектіктің екінші тобындамын. «Ағабей» тойханасында аспаз болып жұмыс істейтінмін. Түгі қалмай жанып кетті. Енді қайда барамын, күнкөрісіміз қалай болады, білмеймін».

Арыстықтармен дәрігерлер, психологтар мен барлық қызмет түрлері жұмыс істейтін болады. Арысқа көмек қолын созуға еріктілер де жолға шыққан. Еріктілердің айтуы бойынша Шымкенттегі арыстықтардың арасында үйіне асыққандары да, қорыққандары да болыпты. Келуге қорыққандардың дені балаларының үрейден арылуына уақыт керектігін айтады.

Арыстық Нұржамал Әлсейітова 7 баланың анасы. Күйеуі Ақдалада жұмыс істейді екен. Үлкендері студент. Келешекте Арыста қалмайтындарын айтады. «Қорқынышпен өмір сүргіміз келмейді» дейді көпбалалы ана. Балалары «Арысқа қайтпаймыз» деп Шымкентте қалып қойыпты.

Арыстағы жағдай барысымен алдағы уақытта да құлағдар ететін боламыз…

Жәнібек Нұрыш