Байқаусызда өз автобусының астына түсіп қалған жүргізуші өлім аузынан қалды

230

Таяуда 1981 ж.т. Шымкент қаласының азаматы жарақат алған соң жарты сағаттан кейін №1 қалалық клиникалық ауруханаға жедел жәрдем арқылы жеткізілді. Ол өз автобусына жөндеу жұмыстарын жасап жатқанда, үйде жарақат алған. Яғни, бөлшектерін шешкенде, көлікті дұрыс қоймағандықтан, қозғалып кеткен. Нәтижесінде өз көлігі өз иесін басқан.

Ауруханаға жеткізілгенде, науқастың жағдайы аса ауыр болатын. Оның басы, кеудесі және іш құрсағына жалғасқан жарақат болды. Сондай-ақ көкірек клеткаларының жабық жарақаты, оң жақтағы 6-7 қабырғаларының жабық түрде сынуы, бас сүйек-миының ашық жарақаты, бас миының соққысы, бас және бет сүйегінің сынуы орын алды.

Кезекші хирургтер бригадасы науқасты шұғыл түрде толық тексеруден өткізді. Компьютерлік томография іш құрсағындағы ішкі ағзалардың бүлінгендігін анықтады. 8х8 см. асқазанның үлкен жыртығы және іштен қан кетіп жатқаны мәлім болды.

Хирургиялық операция кезінде сынған және жыртылған ағзалардың бәрі ретке келтіріліп, ішкі органдарға тексеру жүргізілді. Сосын науқас реанимация және қарқынды терапия бөліміне жіберілді. Клиникалық бақылау барысында байқалғандай, жағдайы бір қалыпты деңгейге түсті. Қазір науқас №2 хирургия бөліміне ауыстырылып, сол жақта тиісті ем қабылдауда. Жағдайы бір қалыпты.