Мектеп бітіру кешін мектепте өткізуді ұсынды

593

Мамыр ортасына жетіп, қай мектепте болмасын, барлығында дерлік «мектеп бітіру кешін қайда өткіземіз, қалай ұйымдастырамыз» деген сұрақ төңірегіндегі әңгіме қызып-ақ тұр.
Осы науқан мектепте де, үйде де талқыға түсіп, ата-ана, оқушы және мұғалім үштігі арасында талайы таласқа айналады. Міне, осы орайда білім және ғылым министрлігі де жылдағы әдетінен жаңылмай, биылғы мектеп бітіру кешін ұйымдастыруға қатысты пікір айтты.

ҚР Білім және ғылым министрлігі таратқан хабарламаға сәйкес, оқу жылының аяқталуына орай, оқушылар мен ата-аналарды мектеп бітіру кешін өткізудің форматы министрлікті де алаңдататыны мәлім болды.
– Ата-аналар комитетінің ақша жинайтыны туралы хабарлама жиі түседі. Ол көптеген ата-ана үшін отбасылық бюджетке салмақ салатыны анық. Мұндай хабарламаларға жауап ретінде ҚР Білім және ғылым министрлігі өз тарапынан мектеп бітіру кешін ақшаны үнемдеу үшін кафе, ресторандарда емес, мектеп қабырғасында өткізуді ұсынды. Сондай-ақ, министрлік мектеп бітіру кешінің мақсатын сәнді киімдер мен мол дастарханды көрсету емес, шын жүректен, жақсы ұйымдастырылған шара ретінде балалардың, мұғалімдер мен ата-аналардың есінде қаларлық мектепішілік жиын деп есептейді,-делінген министрлік таратқан хабарламада.
Осы хабарламада мектеп бітірушілер кешінің форматы туралы да айтылды.
– Мектеп бітіру кешінің форматы қымбат әрі сән-салтанатқа толы кеш болмауы керек. Жылдар бойы тұлғаны қалыптастыруда талмай еңбек еткен педагогтар мен ата-аналар және бүгін мектеп қабырғасынан түлеп ұшып, үлкен өмірге қадам басып жатқан кештің басты кейіпкерлері – түлектер арасындағы жылы диалог түрінде өткені абзал. Аталған кеште оқуда озат, жетістікке жеткен, мектеп, аудан, қала, облыс, республикалық, халықаралық деңгейдегі спорттық, интеллектуалдық жарыстарда жеңімпаз болған, мектептің қоғамдық өміріне белсенді атсалысқан балаларды құрметпен атап өту – орынды. Түлектер мектеп бітіру кешін педагогтардың көмегімен креативті бағдарлама дайындап, ата-аналарына, сүйікті ұстаздарына және жанына жақын сыныптастарына алғыстарын білдіретін мағыналы әрі қызықты форматта ұйымдастыруына болады,-дейді министрліктің баспасқз қызметі.
Еске салсақ, мұның алдын, дәлірегі өткен сәуірде ҚР Білім және ғылым министрі Күләш Шәмшидинова Үкімет отырысында мектеп бітіру кештерін өткізу туралы өз ойын айтқан еді. Бұл туралы baq.kz ақпарат агенттігі жазды.
Министрдің сөзінше, бұл мәселе жыл сайын көтеріледі. Бұрын бітіру кештері қалыптасқан дәстүр бойынша мектеп қабырғасында өткізілетін.
«Өкінішке қарай, қазіргі кезде мектеп бітіру кеші «кім қайда жасайды?» деген жарысқа айналды», – деді Күләш Шәмшидинова.
Шәмшидинованың пайымдауынша, мектеп бітіру кештері бұрынғы форматта ата-анамыз өткізгендей, яғни мектеп қабырғасында өтуі тиіс.
Себебі, мектеп бітіру кеші шын мәнінде мектеппен қоштасу және болашаққа жоспар құру кезеңімен сәйкес келеді.
Оның сөзінше, оқушылардың ата-аналары мен мектеп бірінші кезекте балалардың қауіпсіздігіне назар аударуы керек.
«Кез келген іс-шара бірінші кезекте осы мәселеге сәйкес жүзеге асырылуы қажет. Сол себепті, біз мектеп бітіру кештерін мектеп қабырғасында, тек мектептің аумағында ғана, еш артықшылықсыз өткізуді ұсынамыз және солай өткізу дұрыс деп есептейміз. Артық басқосулар және қымбат көйлектер ешкімге қажет емес. Бітіру кеші бір-бірінің сәнді көйлектерімен жарысу үшін өткізілмейді. Бітіру кеші балалар мен ата-аналардың «бұрын айтылмаған нәрсені айта алатын» тыныш атмосферада өтуі керек», – деді министр.