Жеңгетайлардың жолы кесілді

262

Түркістан облысының ПД полицейлері «Стоп-трафик» жедел- профилактикалық іс-шарасын қорытындылады. Аталмыш шараның негізгі мақсаты жеңгетайлыққа, адам саудасына және басқа да құқықбұзушылықтарға қатысты қылмыстарды ашу, алдын-алу және ескерту болып табылады.

Жедел-профилактикалық іс-шара барысында полицейлер моншалар мен қонақ үйлерді, ойын-сауық ғимараттарын және тағы да басқа жезөкшелер мен притондардың болуы ықтимал деген орындарын басты назарға алып, тексерісті күшейтті. Облыс бойынша криминалды полиция басқармасының полицейлері арнайы тәжірибелі қызметкерлерден топ құрып, тексеруді бастап кетті.

Осылайша, жедел түрде іске асырылған іс-шаралар кешенінің аясында және «Стоп-траффик» жедел профилактикалық іс-шарасының қорытындысына сәйкес облыс аумағынан жеңгетайлық пен жезөкшелікпен айналысуға притон ұйымдастырудың 5 жайты анықталды. Түркістан облысы Полиция департаменті Криминалды полиция басқармасының қызметкерлерімен анықталған бес жайттың жолы кесті. Сондай-ақ, тәртіп сақшыларымен 10-нан астам жеңіл жүрісті қыздар есепке алынды. Барлық аталған жайттар бойынша сотқа дейінгі тексеру амалдары жүргізілуде.

Мәселен, 29 мамыр күні Түркістан қаласында жүргізілген жедел профилактикалық іс-шарасының қорытындысы бойынша полицейлер жергілікті саунаның біріндегі притонды анықтады. Онда саунаның әкімшілік қызметкері сол жерде жұмыс жасайтын жеңіл жүрісті қыздардан притон ұйымдастырып, жезөкшелікпен айналыстырған. Сонымен қатар, дәл осындай жағдай Сарыағаш, Қазығұрт аудандарынан да анықталып, тіркеуге алынды.

Бүгінгі таңда аталған жайт бойынша ҚР ҚК-нің 309-бабы «Жезөкшелiкпен айналысуға арналған притондар ұйымдастыру немесе оларды ұстау және жеңгетайлық» бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.

Түркістан облысының полицейлері ескертеді: егер де сіз адам саудасына қатысты қылмыстың құрбаны немесе куәгері болсаңыз, қандай-да бір ақпарат білсеңіз, «102» телефоны бойынша полицияға хабарласыңыз.